Қытайда масаларды лазермен жоятын ЖИ құрылғысы өндіріле бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай компаниясы ұшып жүрген масаны жою үшін жасанды интеллектке негізделген лазерлік құрылғы өндірісін іске қосты, деп хабарлайды Бейжіңдегі Kazinform агенттігінің тілшісі Xinhua басылымына сілтеме жасап.

Кадр из видео

Photon Matrix деп аталатын құрылғы кіріктірілген лидар арқылы жәндіктерді анықтап, оларға лазер импульсін бағыттайды. Лазер сәулесінің әсерінен жәндіктер ұшу қабілетінен айырылады. Әзірлеушінің мәліметінше, құрылғы 90 градус бұрышпен 6 метрге дейінгі аумақты қамтиды.

Адамдар мен үй жануарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылғы ЖИ камераларымен және миллиметрлік радармен жабдықталған. Олар қараңғыда да құрылғы маңындағы адамдар мен үй жануарларын танып, лазердің іске қосылуын автоматты түрде тоқтатады.

Құрылғыны алғаш қолданар алдында пайдаланушы қауіпсіздік талаптарын қаншалықты меңгергенін тексеретін сынақтан өтуі керек.

Жоба табысты краудфандинг науқанынан және еуропалық CE сәйкестік сертификатын алғаннан кейін сериялық өндіріс пен жеткізуге көшті.

Бұған дейін Қытайда бактерияға қарсы ток өндіретін тіс щеткасы жасалғаны хабарланған болатын.