Қытайда Мин әулетіне жататын тарихи мұнараның шатыры опырылып түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың шығысындағы тарихи ескерткіштерімен танымал Аньхой провинциясы жуырда ғана жөнделген Фэнъянь мұнарасына байланысты оқиғадан кейін тағы да жұрт назарында, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, мұнараның шатырынан қыш плиталар опырылып түскен. Бұл жағдай жергілікті тұрғындар мен мәдени мұраны қорғау саласының мамандары арасында алаңдаушылық тудырды.
Фэнъянь барабан мұнарасы Мин әулеті дәуіріндегі тарихи нысандар кешенінің бір бөлігі саналады және өңірдің мәдени мұрасында маңызды рөл атқарады. Жақында мұнараның сәулеттік келбетін сақтау мақсатында жүргізілген бірнеше миллион юаньға бағаланған жөндеу жұмыстары енді осы оқиғадан кейін қайта тексеріледі.
Аньхой провинциясының билігі қазірдің өзінде шатырдың құлау себептерін анықтау және келтірілген залалды бағалау бойынша тергеуді бастады. Алдын ала мәліметтер бойынша, қолданылған құрылыс материалдарының сапасына немесе жөндеу процесінің өзіне қатысты ақаулар болуы мүмкін. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Чучжоу қаласының мемлекеттік ресурстар саудасы орталығының веб-сайтындағы мәліметке сәйкес, жөндеу жұмыстарына арналған келісімшарт шамамен 3,4 миллион юаньға (шамамен 473 300 АҚШ доллары) бағаланған, ал соңғы есеп бойынша төлем 2,9 миллион юань көлемінде жүргізілген. Жобаның қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкестігі қанағаттанарлық деп бағаланған.
Бұған дейін хабарланғандай, Қытайдың оңтүстігінде көшкін жүріп, үш адам көз жұмды.