Қытайда мұнай мен газ өндіру көлемі тарихи рекордқа жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен газ өндіру көлемі мұнай эквивалентімен есептегенде 420 млн тоннаға жетіп, тарихи рекорд жаңартты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Xinhua

Бұл деректер ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының жылдық есебінде жарияланды.

Құжатта мұндай нәтиже елдің энергетикалық тәуелсіздігі айтарлықтай нығайғанын көрсететіні атап өтілген.

2025 жылы Қытайда шикі мұнай өндіру көлемі рекордтық 216 млн тоннаға жетті.

Ал тақтатас мұнайын өндіру 8,5 млн тоннадан асып, 2018 жылмен салыстырғанда он еседен көп өсті.

Табиғи газ өндіру көлемі бір жылда 10 млрд текше метрге артты. Осылайша, бұл көрсеткіш тоғызыншы жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетті.

2026 жылы Қытайдың мұнай-газ саласы кен орындарын барлау және игеру жөніндегі жаңа стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға кіріседі.

Бейжің салаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайтуды жалғастырып, жыл сайынғы шикі мұнай өндірісін 200 млн тоннадан жоғары деңгейде сақтауды және табиғи газ өндіру көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.

Осыған дейін Қытайдың әлемдегі ең ірі кешенді көлік жүйесін қалыптастырғаны туралы жаздық.