Қытайда нөсер мен аптапқа байланысты «сары» деңгейлі ескерту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасының Ұлттық метеорологиялық орталығы (ҰМО) сенбі күні елдің бірқатар аймағында нөсер жауын мен аптап ыстыққа байланысты «сары» деңгейдегі дабыл жариялады.
ҰМО мәліметінше, сенбі күні сағат 08:00–ден жексенбі күні сағат 08:00–ге дейін Ішкі Моңғолия автономиялық ауданы, Хэйлунцзян, Цзилинь, Ляонин, Хэбэй провинциялары, Бейжің қаласы және басқа өңірлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Атап айтқанда, Ішкі Моңғолия АРА, Хэйлунцзян, Цзянсу және басқа да өңірлерде жауын-шашын көлемі 150 мм-ге дейін жетуі ықтимал. Кейбір аймақтарда бір сағат ішінде 70 мм-ден астам жауын жаууы мүмкін.
Осыған байланысты ҰМО жергілікті билік органдары мен тиісті ведомстволарға нөсерге дайын болуды ұсынды. Мектептер мен балабақшалар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс, ал жүргізушілерге тасқын мен жол кептелістеріне байланысты барынша сақ болу ұсынылды.
ҰМО болжамынша, сенбі күні Қытайдың көптеген өңірінде ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі.
Атап айтқанда, Шэньси, Сычуань провинцияларында, Чунцин қаласы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Турфан шұңқырында сынап бағанасы 40 градустан да асып түсуі мүмкін.
ҰМО тұрғындарға, әсіресе түстен кейін ашық ауада белсенді әрекеттен аулақ болуға кеңес айтты. Сондай-ақ, балалар мен қарттар секілді осал топтарды қорғау үшін қажетті сақтық шараларын қабылдауға шақырды.
Еске сала кетейік, Қытайда қолайсыз ауа райына қатысты төрт деңгейлі ескерту жүйесі енгізілген: ең жоғары қауіп деңгейі — қызыл түс, одан кейін — қызғылт сары, сары және көк түстер.
Айта кетелік Қытай астанасында су тасқынынан қаза тапқандар саны 44-ке жетті.