Қытайда нөсер жауынға және тау тасқындарына қатысты ескерту жарияланды

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы жексенбі, 17 тамыз күні нөсер жауынға байланысты «көк» деңгейдегі ескерту мерзімін ұзартты. Синоптиктердің болжамынша, күшті жауын-шашын елдің көптеген өңірін қамтиды, деп хабарлайды Синьхуа.

Орталық дерегінше, жексенбі күні сағат 08:00-ден дүйсенбі күні 08:00-ге дейін Шаньси, Хэбэй, Шаньдун, Цинхай, Гуандун провинцияларында, Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында және Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында нөсер жауын күтіледі.

– Аталған өңірлердің кей жерлерінде сағатына 70 миллиметрден астам жауын-шашын түсіп, ол найзағаймен және екпінді желмен қатар жүруі мүмкін, – делінген орталық хабарламасында.

Ведомство қауіпсіздік шараларын да жариялады. Жергілікті билікке нөсерге дайын болу, мектептер мен балабақшаларға оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілерге су басқан жолдарда сақ болу, кептелістерге назар аудару ескертілді. Сонымен қатар НМЦ уәкілетті мекемелерге қалалардағы кәріз жүйесін, балық өсіретін тоғандарды және егістік алқаптардағы дренаж жүйесін тексеруді тапсырды.

Қытайда қолайсыз ауа райына ескерту жүйесі төрт деңгейден тұрады. Ең жоғарғы деңгей – қызыл түспен, одан кейінгісі – қызғылт сары, сары және ең төменгісі көк түспен белгіленеді.

Айта кетейік, нөсер жауын салдарынан Пәкістан мен Үндістанда да су тасқыны болып, зардап шеккендер бар. Пәкістанның солтүстігінде қаза тапқандар саны 330-ға жетті, Үндістанның Кашмир аймағында 60 адам қаза тапты. Сондай-ақ Нигерде нөсер салдарынан 23 адамның өмірі қиылды.