Қытайда білім алып жүрген қазақстандық студенттер алдында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров сөз сөйледі.
Баяндамашы елді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі бағыттарын таныстырып, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, ғылым мен білімді дамыту және адами капиталды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Ғалымның айтуынша, ауқымды өзгерістердің табысты жүзеге асуы көп жағдайда жастардың зияткерлік әлеуетіне байланысты. Ол шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттердің озық технологияларды меңгерудегі, халықаралық байланыстарды нығайтудағы және жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне қолданудағы айрықша рөлін атап өтті.
Баяндамадан кейін кездесу қатысушылары елдің даму перспективалары мен реформаларды жүзеге асырудағы жастардың үлесін талқылап қана қоймай, ұсынылған бастамаларға қатысты өз пікірлерін де ортаға салды.
-Профессордың Digital Qazaqstan стратегиясы және цифрлық шешімдерді іс жүзінде қолдану туралы баяндамасы маған ерекше әсер етті. Бұл тақырып маған жақын, өйткені мен ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласында маманданып жүрмін, – деді Цинхуа университетінің студенті Ғафұр Дамирұлы.
Ал Бейжіңдегі Халықаралық экономика және бизнес университетінің студенті Мерей Бисенғалиева білімнің құндылығы мен жас мамандардың жауапкершілігіне назар аударды.
-Бүгінде басты ресурс табиғи байлықтан гөрі білім, идея және адам әлеуеті болып отыр. Шетелде білім алу бізге әлемдік тәжірибені меңгеріп, елге оралған соң бәсекеге қабілетті жобалар жасауға және оларды дамытуға мүмкіндік береді. Батыл бастамалардың жүзеге асуы және жас мамандардың өз елінде болашағын көре алуы маңызды. Әрқайсымыз осы болашақты қалыптастырудағы жеке рөлімізді түсінуіміз керек, – деді ол.
ұған дейін Бейжіңде Қазақстан Президентінің Жолдауы дөңгелек үстел барысында талқыланғаны хабарланған еді.