Қытайда Паркинсон ауруын ерте анықтайтын ЖИ скринингі әзірленді

Коллаж: Midjourney/freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхай Цзяотун университетінің ғалымдары Қытайдағы егде жастағы адамдардың сөйлеу қабілетінің бұзылуын анықтайтын алғашқы интеллектуалды жылдам скринингтік жүйені таныстырды, деп хабарлайды TV BRICS.

Жүйе — неврологиялық және когнитивті ауруларды, соның ішінде Паркинсон ауруы, деменция және инсульттің салдарын ерте кезеңде анықтайды.

Чан Хуэй бастаған топ патологиялық лингвистика және тілдік тестілеу саласындағы жетістіктерді пайдаланды. Ғалымдар тапсырмалар мен бағалау жүйесін қамтитын платформа құрды. Қатысушылар аудио материалдар бойынша сұрақтарға жауап беріп, ұсынылған суреттерді сипаттауы керек. Тест шамамен 7 минут уақытты алады, содан кейін нәтижені шығарып береді. 

Ғалымдардың бұл жұмысы медициналық мекемелерде, қарттарға арналған орталықтар мен қарттар үйлерінде әдеттегі жоспарлы тексеру кезінде қолжетімді. Сондай-ақ оны әр отбасындағылар пайдалана алады. Тестілеуді смартфоннан, планшеттен немесе компьютерден өтуге болады. Бұл жүйе қазір Қытайдағы ауруханаларда пилоттық жоба ретінде енгізілген.

Нормативтік базаны жасау үшін ғалымдар 50 мен 79 жас аралығындағы мыңнан астам тұрғынның дерегін жинақтаған. Тесттік талдауда жасы, білімі, танымдық ерекшеліктері, жынысы, кәсібі және диалектісі ескерілді.

Чан Хуэйдің айтуынша, алдағы уақытта пайдаланушылар тесттің бірнеше түрінен өтуі үшін сұрақтар базасын кеңейту жоспарланған.

Осыған дейін елімізде мүгедектік дәрежесін анықтау үшін жасанды интеллект қолданылуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.