Қытайда пойыз жұмысшыларды қағып кетіп, 11 адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Куньмин қаласындағы теміржол станцияларының бірінде пойыз құрылысшыларды қағып кетіп, салдарынан 11 адам көз жұмды, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Агенттіктің жазуынша, 27 қарашаға қараған түнде сейсмикалық аспаптарды тексеруге арналған 55537 нөмірлі эксперименттік пойыз Юньнань провинциясының Куньмин қаласының Лояңчжэнь станциясының аумағынан қалыпты жылдамдықпен өтіп бара жатып, темір жол бойында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкерлерді қағып кеткен. Салдарынан 11 адам көз жұмып, 2 адам жарақат алды.
- Оқыс оқиғадан кейін теміржол әкімшілігі төтенше жағдайға жауап беру жоспарын іске қосып, жергілікті билікпен бірге жаралыларды құтқару және зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырды. Қазіргі уақытта станциядағы пойыз қозғалысы қалпына келтірілді. Жараланғандарға медициналық көмек көрсету және апат салдарын жою жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Апаттың нақты себебі анықталып жатыр, - деп жазады Синьхуа.
Бұған дейін Гонконгтың Тай По ауданындағы «Ван Фук Корт» тұрғын үй кешеніндегі өртте мерт болғандардың саны 44-ке жеткенін хабарлаған едік.