Қытайда ірі компанияның бұрынғы басшысы өлім жазасына кесілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда сейсенбі күні сыбайлас жемқорлық үшін сотталған China Huarong International Holdings Limited компаниясының бұрынғы бас директоры Бай Тяньхуэйді өлім жазасына кесу үкімі іске асырылды, деп хабарлайды China Daily.
Жоғарғы халық соты Бай Тяньхуэй 2014 және 2018 жылдар аралығында әртүрлі басқарушылық лауазымдарды атқара отырып компания бөлімшелеріне жобаларды сатып алу және қаражат жинауға көмектесу үшін лауазымын теріс пайдаланғанын анықтады. Ол өз әрекеттері үшін жалпы сомасы 1,1 млрд юаньнан (156 млн АҚШ доллары) асатын пара алған.
Өлім жазасын Тяньцзинь қаласының №2 орта деңгейлі Халық соты жүзеге асырды, онда Бай пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған Жоғарғы соттың шешімі туралы хабарлап, өлім жазасы үкімін іске асырылмас бұрын отбасы мүшелерімен кездесуіне рұқсат берді.
Қытайда төменгі деңгейлі соттар шығарған өлім жазасы Жоғарғы халық сотының міндетті түрде қайта қарауына жатады. Өлім жазасы ол бекіткеннен кейін ғана орындалады.
Бай Тяньхуэйдің ісі China Huarong Asset Management компаниясының бұрынғы төрағасы Лай Сяоминнің сотынан бергі ең танымал істердің біріне айналды. Лай 2021 жылы 1,78 млрд юаньнан астам пара алғаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін өлім жазасына кесілді.
Бұған дейін Қытайдың бұрынғы спорт министрі сыбайлас жемқорлық үшін өлім жазасына кесілгенін жазған болатынбыз.