Қытайда су тасқыны салдарынан 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Қатты және толассыз жауған жаңбыр мен өзендердің жоғарғы ағысынан келген су көлемінің артуы Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының екі уезінде күшті су тасқынына әкеліп соқты, деп жазады Синьхуа.
Бұл жергілікті тұрғындарды жаппай эвакуациялауға мәжбүр етті.
Сейсенбі күні сағат 14:30–дағы мәлімет бойынша Жунцзян және Цунцзян уездерінде тиісінше 48 900 және 32 000 адам уақытша эвакуацияланды. Екі уезде де су тасқынына байланысты төтенше жағдайға әрекет ету деңгейі ең жоғары — бірінші деңгейге көтерілді.
Жунцзян уезі, «Цуньчао» деп аталатын ауылдық футбол лигасымен танымал. Бұл лига 100-ден астам ауылдық және қалалық командаларды біріктіреді және елдің түкпір-түкпірінен жанкүйерлерді тартады. Осы уезге дүйсенбі күні сағат 20:00–ден бастап нөсер жауын жауған. Сейсенбі күні сағат 14:00–дегі мәлімет бойынша Дулюцзян өзеніндегі бір гидрологиялық станцияда су деңгейі қауіпті межеден асып, 6,68 метрге жеткен.
«Цуньчао» лигасының матчтары өтетін футбол алаңын шамамен үш метр тереңдікте су басқан.
Футбол алаңының маңында тұратын жергілікті тұрғын Лун Тянь сейсенбі күні таңғы 8-де оянғанда, үйінің бірінші қабатында су беліне дейін көтерілгенін айтты.
— Су өте жылдам көтерілді, сол себепті мен үшінші қабатта құтқарушыларды күттім. Түстен кейін мені қауіпсіз жерге жеткізді, — деді Лун Тянь.
Құтқару жұмыстарына өрт сөндірушілер мен еріктілерден құралған топтар тартылып, олар екі уезде де қайықтар мен арнайы жабдықтарды пайдаланды.
Сейсенбі күні сағат 16:00–дегі мәлімет бойынша Гуйчжоу провинциясының төтенше жағдайларды басқару департаменті аталған екі уезге теміржол және тас жол арқылы төтенше жағдай кезінде көмекке қажетті заттар жөнелтті. Оның ішінде 30 мың бөтелке ауыз су және 10 мыңнан астам қаптама жедел дайындалатын кеспе бар.
Бұған дейін хабарланғандай, Қытайдың Гуйчжоу провинциясында тасжол көпірі құлап, жүк көлігінің жүргізушісі қираған көпірде ілулі тұрған көлік кабинасында қалып қойғанын хабарлаған едік.