Қытайда табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге 170 млн юань бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Қаржы министрлігі мен Төтенше жағдайларды басқару министрлігі табиғи апаттардың салдарын жою үшін елдің жеті өңіріне 170 миллион юань (шамамен 23,8 миллион АҚШ доллары) көлемінде қаржы бөлді.
Бұл туралы Синьхуа хабарлады.
9 тамыздан бастап Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясы мен Чунцин қаласынан бастап, шығыстағы Цзянсу мен Аньхой провинцияларына дейінгі кең аумақта толассыз жауын жауып, су тасқыны мен геологиялық апаттарға әкеп соқтырды.
Қаржы Цзянсу, Аньхой, Хубэй, Сычуань, Гуйчжоу, Ганьсу провинциялары мен Чунцин қаласына бөлінді. Ол қаражат апаттан зардап шеккен халықты эвакуациялау, орналастыру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, қайталануы мүмкін қауіптердің алдын алу, тұрғын үйлерді қалпына келтіру сияқты шараларға бағытталады.
Осыған дейін хабарланғандай, Ганьсу провинциясында тау тасқыны салдарынан 10 адам қаза тауып, 33 адам із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған едік. Кеше Ганьсу провинциясында тасқыннан көз жұмғандар саны 15 адамға жеткені белгілі болды.
Қытай үкіметі төрт күн бұрын су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жолдарды шұғыл қалпына келтіру жұмыстарына орталық үкімет бюджетінен 70 миллион юань (шамамен 9,81 миллион АҚШ доллары) бөлгенін мәлім етті.
Сонымен қатар Юйчжун уезінде жексенбі күні тау тасқыны салдарынан зақымданған жолдар мен электр желілері жөнделгені хабарланды.