Қытайда тайфунға байланысты «көк» деңгейлі ескерту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда Бэйбу шығанағында қалыптасқан тайфунға байланысты «көк» деңгейлі ескерту жарияланды. Бұл — ел аумағында биыл тіркелген 19-тайфун, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Синьхуаға сілтеме жасап.

Фото: Xinhua

Жұма күні күндіз Бэйбу шығанағында қалыптасқан тропикалық депрессия тайфун деңгейіне дейін күшейді. Осыған байланысты Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы «көк» деңгейлі ескерту жариялады.

Метеорологтардың болжамынша, жұма түнінен жексенбіге дейін тайфун Бэйбу шығанағында бір орында дерлік тұрып, біртіндеп күшейе түседі. Ол күшті тропикалық дауыл деңгейіне дейін жетуі мүмкін.

Жексенбіге қараған түні тайфун солтүстік-шығысқа қарай сағатына 5-10 шақырым жылдамдықпен баяу жылжи бастайды деп болжанып отыр. Гуандун провинциясындағы Лэйчжоу түбегінің батысынан Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының оңтүстік жағалауына дейінгі аумаққа жақындаған сайын оның күші біртіндеп бәсеңдейді.

Жұма күні сағат 20:00-ден сенбі күні сағат 20:00-ге дейін Бэйбу шығанағында, Оңтүстік Қытай теңізінің басым бөлігінде, Башы бұғазында, Тайвань аралының шығысындағы теңіз аумағында, сондай-ақ Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы, Гуандун және Хайнань провинцияларының жағалауында қатты жел соғады деп күтіледі.

Осы уақыт аралығында Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының, Хайнань, Гуандун, Фуцзянь және Чжэцзян провинцияларының кей аудандарында, сондай-ақ Тайваньда нөсер жаңбыр жауады. Кей жерлерде жауын-шашын өте мол түсуі мүмкін.

Метеорологтар Хайнаньда, Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында және Тайваньда нөсер жаңбырдың ықтимал салдарының алдын алу шараларын күшейтуге шақырды. Ал Қытайдың оңтүстігіндегі жағалау аймақтары мен Оңтүстік Қытай теңізінде қатты желге байланысты қауіпсіздік шараларын қабылдау ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін «Чан-Хом» тайфуны Үлкен Токио аумағындағы 26,3 мыңнан астам үйді электр қуатынсыз қалдырғанын хабарлағанбыp. Табиғи апат Жапонияның солтүстік-шығысындағы әуе және құрлық көлігі қатынасына да кедергі келтірді.