Қытайда торнадо кезінде бес адам қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні түстен кейін Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының орталығы Гуанчжоу қаласында болған торнадодан бес адам қаза тауып, 33 адам жарақат алды. Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels.com

Жергілікті биліктің хабарлауынша, торнадо қалаға қарайтын Байюнь ауданындағы Чжунлотань елді мекенінде сағат 15:00 шамасында соққан. Құйын болған жерден 2,8 шақырым жерде орналасқан Лянтянь кентіндегі метеостанция желдің максималды екпіні 20,6 м/с болғанын тіркеді.

Провинциялық метеорологиялық басқармасының алдын ала тергеуі торнадоның қарқындылығы қауіптіліктің 3-ші деңгейінде (максималды қауіптілік - 5-ші деңгей) болғанын және шамамен бір шақырым қашықтыққа жылжығанын анықтады.

Апат аймағындағы зардаптарды жоюға қалалық төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушылары, метеорологиялық, өрт сөндіру, тұрғын үй құрылысы және медициналық қызметкерлер, сондай-ақ жергілікті тұрғындар шұғыл жұмылдырылды.

Сағат 22:00-дегі жағдай бойынша іздеу-құтқару жұмыстары негізінен аяқталды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді.

Құзырлы органдардың нақтылауынша, 141 өндірістік ғимарат зақымданған, тұрғын үйлер опырылған жоқ.