Қытайда цифрлық юаньға арналған халықаралық операциялық орталық құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда цифрлық юаньға арналған халықаралық операциялық орталық құрылады. Бұл туралы сәрсенбі күні Шанхайдағы Луцзяцзуй форумында Қытай Халық банкінің төрағасы Пань Гуншэн мәлімдеді, деп жазады Синьхуа.
Оның айтуынша, бұл орталықтың мақсаты — цифрлық юаньды интернационалдандыруға, қаржы нарығындағы қызметтерді дамытуға және цифрлық қаржы саласындағы инновацияларды қолдауға ықпал ету.
Орталықтың ашылуы — Шанхайда қабылданатын сегіз бастаманың бірі екені айтылды.
Пань Гуншэннің мәлімдеуінше, қалада сонымен қатар банкаралық нарықтағы мәмілелер туралы есептерді жинайтын және әртүрлі қосалқы нарықтардағы (облигациялар, валюталар, деривативтер) белсенділікті талдайтын арнайы есеп репозиторийі құрылады. Бұл макроэкономикалық саясатты әзірлеу мен қаржы нарықтарына бақылау жасауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Шанхайда жеке тұлғалардың несие тарихы жөніндегі агенттік те құрылады. Ол қаржы мекемелеріне әртүрлі және жекелендірілген несие өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл елдегі әлеуметтік несие жүйесін жетілдіруге ықпал етпек.
Сондай-ақ, Шанхайдың еркін сауда аймағы — Линьганда оффшорлық сауданы дамыту мақсатында қаржы қызметтерін кешенді реформалауға бағытталған пилоттық бағдарлама іске қосылады. Бағдарлама шеңберінде бизнес жүргізуге арналған инновациялық ережелер енгізілмек.
Қалған шараларға еркін саудаға арналған оффшорлық облигацияларды әзірлеу, кәсіпорындарға арналған қаржыландыру арналарының кеңеюін қамтамасыз ету, трансшекаралық сауда мен инвестицияны жеңілдету мақсатында сауда шоттарының жүйесін оңтайландыру кіреді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қытай Орталық банкі маусым айында банк жүйесіне 195 млрд доллар қосты.