Қытайда тұрғын үй ғимаратында болған өрттен сегіз адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні кешке Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының Шаньтоу қаласындағы тұрғын үй ғимаратында болған өрттен сегіз адам мерт болды, деп хабарлайды Синьхуа.
— Өрт қаланың Чаонань ауданында сағат 21:20–да басталып, шамамен сағат 22:00–де сөндірілді, — делінген аудандық өрт сөндіру және құтқару қызметі сәрсенбі күні таңертең жарияланған хабарламада.
Өрт салдарынан сегіз адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Зардап шеккендердің барлығы медициналық көмек алу үшін дереу ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала тергеу кезінде зақымдалған тұрғын үй төрт қабатты темірбетон құрылысы екені, өрттің ауданы шамамен 150 шаршы метрді құрағаны анықталды.
Қазіргі кезде оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Бұған дейін Атырауда көпқабатты үйде өрт шығып, 11 адам құтқарылғанын жазған болатынбыз.