Қытайда «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян провинциясының музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрмеге қойылған 279 бірегей археологиялық жәдігер көпшілікті Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі және ортағасырлық көшпелі халықтардың тарихымен, өнерімен және мәдени мұрасымен таныстырады.

Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров, Бейжіңдегі Қазақ мәдени орталығының өкілдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің басшылығы, Қытай музейлерінің директорлары, ғалымдар, археологтар мен мәдениеттанушылар қатысты.

Фото: ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі

Экспозиция үш тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда қола дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, еңбек құралдары, торевтика, керамика және мата үлгілері ұсынылған. Бұл жәдігерлер сақ, үйсін, ғұн, қаңлы және түркі тайпаларының мәдениетін және Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың өркендеу тарихын айшықтайды.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрменің ең көрнекті жәдігерлерінің қатарында Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкциясы, Қаңлы мемлекетінің ақсүйек әйелі мен ғұн жауынгерінің бейнелері бар. Шілікті қорғанынан, Жалаулы және Қарғалы қазыналарынан табылған алтын бұйымдар, Арыс өзені аңғары мен Күлтөбе қалашығынан алынған археологиялық олжалар, XIII ғасырдың соңы – XIV ғасырдың басына жататын жібек маталардың бөліктері де көпшілік назарына ұсынылған.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрменің ашылуы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Чжэцзян провинциялық музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, Ұлы Жібек жолының тарихи ескерткіштерін зерделеуді, тәжірибе алмасуды және археологиялық экспедициялар ұйымдастыруды көздейді.

Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастық аясында және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылды.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі Чжэцзян провинциясының музейінде 2026 жылғы 11 қазанға дейін жұмыс істейді.

Осыған дейін Астанада Қытайдың жібек өнерін танытатын халықаралық көшпелі көрме ашылған болатын.

Фото: ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі