Қытайда жасанды интеллект өндіріс пен экспорттың өсуіне ықпал етті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып, экономиканың өсуі мен өнеркәсіптің жаңғыруына тың серпін берді. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасының өкілі Ван Гуаньхуа мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: freepik.com

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында цифрлық өнім өндірісі Қытайдың ірі өнеркәсіп саласының өсіміне 33 пайыздан астам үлес қосты. Осы кезеңде интегралдық схемалар өндірісі 23,3 пайыз, ал ақылды өнеркәсіптік жабдықтар өндірісі 30,6 пайыз артты.

Жасанды интеллектінің дамуы қызмет көрсету саласының өсіміне де ықпал етті. Нейрондық желілерді оқытуға, алгоритмдер мен есептеу қуаттарына сұраныстың артуына байланысты ақпараттық технологиялар және бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы қосылған құн бір жылда 10,4 пайыз өсті.

Қытайда озық технологияларға сұраныс артып, ЖИ бар көзілдірік пен смарт-сағат сияқты құрылғылардың ірі сауда желілеріндегі сатылымы 70 пайыздан асты. Ал қызметкерсіз жұмыс істейтін автоматтандырылған дүкендердегі сауда көлемі 25 пайыздан астам өсті.

Жасанды интеллектіні қолдану аясының кеңеюі инвестиция мен экспорттың өсуіне ықпал етті. Электронды схемалар өндірісіне салынған инвестиция 58,7 пайызға, ал Қытайдың электрондық компоненттер экспорты 70 пайызға артты.

Ван Гуаньхуаның айтуынша, Қытайдың толық өндірістік тізбегі, мол деректер қоры мен ауқымды ішкі нарығы ЖИ технологияларын одан әрі дамытуға және кеңінен енгізуге қолайлы жағдай жасайды.

Бұған дейін Қытайда жасанды интеллектінің дамуына байланысты жаңа мамандықтар тізімі кеңейтілгені хабарланған еді.