Қытайда жасанды интеллект жасаған актриса танымал болып келеді

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайда жасанды интеллект арқылы жасалған актриса басты рөлді сомдайтын «Жұмыстан шығарылған қыз» атты шағын сериал 250 млн-нан астам қаралым жинады. Ал кейіпкердің Douyin әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына бір айда жарты миллионға жуық адам жазылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: freepik

Сериалдың сюжеті бойынша 20 жастағы ауылдан шыққан Фан Таоцзы модель болуды армандап, мегаполиске келеді.

Алайда ол мұнда қатаң бәсекелестікке тап болады.

Бір күні оны ортақ суреттен әдейі қиып тастайды. Осы оқиғадан кейін кейіпкердің өмірі күрт өзгереді.

Жобаны My Film MCN агенттігі іске қосқан.

12 маусымдағы премьерадан бері сериалдың Douyin платформасындағы қаралымы 250 млн-нан асты. Douyin – Қытайдағы TikTok платформасының баламасы.

Сериал туралы әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен жазбалардың саны 800 млн-нан асып кеткен.

Фан Таоцзының бейнесі толығымен жасанды интеллект алгоритмдері арқылы жасалған.

Кейіпкердің басты ерекшелігі – түзу кекілі мен бетіндегі екі меңі.

Тәжірибесіз ауыл қызының бейнесі 18-35 жастағы жас әйелдер аудиториясының көңіл-күйі мен сұранысына дәл келген.

видеодан алынған кадр

Сериалдың жетістігінен кейін 14 маусымда Фан Таоцзыға жеке әлеуметтік желі парақшасы ашылды.

Парақша қарапайым адамның видеоблогы ретінде жүргізіледі.

Жасанды интеллект жасаған актриса таңғы ас әзірлейді, спортпен айналысады, саяхаттайды және интернет арқылы тауар сатады.

Қазір оның парақшасына 478 мың қолданушы жазылған.

Фан Таоцзы қатысатын ұзақтығы 60 секундтан асатын жарнамалық видеоның бағасы 258 мың юаньға ($38,2 мың) дейін жетеді.

Бұл сома көптеген шынайы инфлюенсерлердің жарнамалық қызмет құнынан әлдеқайда жоғары.

Бұған дейін қазақстандық мектеп директорлары Қытайдың білім жүйесіндегі ЖИ тәжірибесін зерделеген болатын.