Қытайда жасанды интеллектіні этикалық реттеудің жаңа ережелері бекітілді

Фото: Xinhua

АСТАНА.KAZINFORM - Қытай билігі жасанды интеллект саласындағы этикалық реттеуге қатысты жаңа ережені күшіне енгізді. Құжат қауіпсіздік, әділдік және инновацияларға жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Жаңа нормалар Қытай аумағында жүргізілетін жасанды интеллект саласындағы барлық ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерге қатысты. Құжат адамның қадір-қасиетіне, қоғамдық тәртіпке, экологияға және дербес деректер қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін жобаларды қамтиды.

Ережеге сәйкес, жоғары оқу орындары, зерттеу орталықтары мен жекеменшік компаниялар ішкі этикалық комитеттер құруға міндетті. Бұл құрылымдардың құрамына технология, құқық және этика саласындағы мамандар енгізіліп, олардың міндеті – қызметті бақылау және тәуекелдердің алдын алу.

Генеративті жасанды интеллект пен алгоритмдік ұсынымдар саласындағы ірі жобалар үшін сараптамалық тексеру жүйесі енгізіледі. Төтенше жағдайлар туындаған кезде 36-72 сағат аралығында жедел аудит жүргізу тәртібі қарастырылған.

Ереженің сақталуын салалық министрліктер мен өңірлік басқару органдары қадағалайды. Этикалық нормалар мен деректер қауіпсіздігі талаптарын бұзғандар Қытайдың киберқауіпсіздік туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.

Бұған дейін Қытай гуманоидты робототехника мен енгізілген жасанды интеллект бойынша ұлттық стандарттар жүйесін бекіткен болатын.