Қытайда Жердегі ең көне янтарь табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда жасы шамамен 385 миллион жыл болатын Жердегі ең көне янтарь үлгілері табылды. Бұл бұрын белгілі болған ең ежелгі үлгілерден шамамен 65 миллион жылға көне, деп хабарлайды ТАСС агенттігі .

Фото: pexels

Палеонтологтар бұл жаңалықты Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан ашқан. Science Advances журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, тасқа айналған шайырдың бұл бөліктері девон кезеңінің соңында, шамамен 385 миллион жыл бұрын пайда болған.

– Біз әзірге ең көне янтарь үлгісін анықтадық. Оның химиялық құрамы қазіргі қылқан жапырақты ағаштардың шайырына ұқсайды. Бұл алғашқы жоғары сатыдағы өсімдіктердің шайырдың негізгі құрамдас бөліктерін девон кезеңінің ортасында-ақ түзе бастағанын көрсетеді. Кейін бұл олардың таскөмір дәуірінде кең таралуына негіз қалады, – дейді зерттеушілер.

Зерттеуді Қытай ғылым академиясының Нанкин геология және палеонтология институтының профессоры Ван Бо бастаған халықаралық ғалымдар тобы жүргізген. Қазба жұмыстары Қытай мен Қазақстан шекарасына жақын Хобоксар кенті маңында өткен.

Көмір қабаттарынан мамандар көлемі шамамен бір миллиметр болатын бірнеше янтарь бөлшегін тапқан. Кейбір үлгілерде ауа көпіршіктері мен шығу тегі әзірге анықталмаған қатты қосындылар сақталған.

Ғалымдар табылған үлгілердің химиялық құрамын инфрақызыл спектроскопия әдісімен зерттеп, оларды ежелгі янтарь үлгілерімен және қазіргі өсімдіктердің шайырымен салыстырды.

Зерттеу нәтижесі девон дәуіріндегі янтарьдың Франция мен Қытайдың Фуцзянь провинциясынан табылған кейінгі кезең үлгілерінен өзгеше екенін көрсетті. Сонымен қатар оның құрамы қазіргі қарағай, кипарис, араукария секілді қылқан жапырақты өсімдіктердің шайырына өте жақын болып шыққан. Бұл ежелгі шайырдың алғашқы ашық тұқымды өсімдіктермен байланысты болуы мүмкін екенін аңғартады.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңалық жоғары сатыдағы өсімдіктерде шайырдың пайда болу уақыты туралы ғылыми түсінікті айтарлықтай өзгертеді. Бұған дейін мұндай қабілет таскөмір дәуірінің соңында қалыптасты деп есептелсе, жаңа деректер өсімдіктердің жарақаттан қорғану үшін шайырды девон кезеңінің ортасында-ақ пайдалана бастағанын көрсетіп отыр.

– Бұл жаңалық жоғары сатыдағы өсімдіктерде шайырдың пайда болу уақытын кемінде 65 миллион жылға кейінге шегереді. Сондай-ақ ағаштар Жердегі өсімдіктер әлемінде үстемдікке ие болмай тұрып-ақ шайыр арқылы зақымданған бөліктерін қорғай алғанын дәлелдейді, – деп қорытындылады ғалымдар.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ботсванада салмағы 1305 карат болатын сирек кездесетін алмас табылғанын жаздық.

Ал мамыр айында Мьянмада салмағы рекордтық 2,2 келі тартатын құнды рубин табылды.