Қытайдағы Азия чемпионаты: қазақстандық балуандар қола жүлде үшін белдеседі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының дзюдошылары Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қола медаль үшін сынға түседі. 

Фото: ҰОК

Турнирдің бірінші күнінде 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов пен Аман Бақытжан жартылай финалға дейін жетті, бірақ финалға шыға алмады. Шерзод Давлатов Тайбэй спортшысы Ян Юнвэйге, ал Аман Бақытжан Бахрейн спортшысы Руслан Полторацкийге есе жіберді.

Енді екі спортшы қола медаль үшін күреседі. Шерзод Давлатов Өзбекстан өкілі Самариддин Кучкаровпен, ал Аман Бақытжан Моңғолия спортшысы Туменаджаргал Тувшинтүрмен кездеседі.

Сонымен қатар 66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаевтың Азия чемпионатының қола медалі үшін Қытай спортшысы Цзыян Сюэмен белдесетінін жазған едік.