Қытайдағы екі алып панда АҚШ-қа жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдан Пин Пин және Фу Шуан есімді екі алып панда түрді сақтауға бағытталған жаңа халықаралық бағдарлама аясында Атлантаға жеткізілді, деп хабарлайды Zoo Atlanta .

Фото: Zoo Atlanta

Жануарлар 27 қыркүйекте арнайы жүк ұшағымен Хартсфилд-Джексон халықаралық әуежайына жеткізілді.

Пандалар Атланта хайуанаттар бағы мен Қытайдың жабайы табиғатты қорғау қауымдастығы арасында алып пандаларды сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы жаңа келісім аясында АҚШ-қа әкелінді.

Осылайша Атланта хайуанаттар бағы алып пандалар бар АҚШ-тағы үш нысанның біріне айналды. Сондай-ақ ол елдің оңтүстік-шығысындағы алып пандалар ұсталатын жалғыз хайуанаттар бағы болып отыр.

Пин Пин есімді еркек панда 2020 жылғы 17 наурызда, ал Фу Шуан есімді ұрғашы панда сол жылдың 18 қазанында дүниеге келген. Екеуі де Чэнду қаласындағы алып пандаларды көбейту жөніндегі зерттеу базасында туған.

Әзірге келушілер пандаларды көре алмайды. Олар шамамен бір ай бойы хайуанаттар бағының жаңа кешеніндегі арнайы аймақта карантинде болады. Кейін Атланта хайуанаттар бағы жануарларды келушілерге қашан көрсететінін хабарлайды.

Атланта хайуанаттар бағының Қытаймен алып пандаларды сақтау жөніндегі алғашқы келісімі 1999 жылдан 2024 жылға дейін күшінде болды. Осы 25 жыл ішінде Атлантада Лун Лун мен Ян Ян жұбынан 7 панда төлі туған.

2024 жылдың қазанында Лун Лун, Ян Ян және олардың кіші төлдері Я Лун мен Си Лун Қытайға қайтарылды.

Атланта хайуанаттар бағының мәліметінше, жабайы табиғатта шамамен 1,9 мың алып панда қалған. 2016 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы бұл түрдің мәртебесін «жойылып кету қаупі бар» санатынан «осал түр» санатына өзгертті.

Бұған дейін Қытай халықаралық ынтымақтастық аясында АҚШ-қа екі алып панда жіберетіні туралы жазған болатынбыз.