Қытайдағы қандасымыз Үрімжі марафонының чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда тұратын қандасымыз Үрімжі марафонында топ жарды.

Фото: ts.cn

Қытайлық Тянь-Шань порталының мәліметінше, 2026 жылғы Үрімжі марафоны 13 қыркүйек күні өткен. Биыл марафонға қатысушылардың саны алғаш рет 15 мыңнан асты. Оның 67 пайызы елдің басқа аймақтары мен Кения, Канада сияқты алыс-жуық шет елдерден келген. Толық марафонда 5000 желаяқ жүгірген. 

Ерлер арасында Қытайда тұратын қандасымыз, Моңғұлкүре ауданының тумасы Айқын Бақытбекұлы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Оның финишке жету уақыты — 2 сағат 25 минут 58 секунд.

Әйелдер арасындағы толық марафонның жеңісі қытайлық спортшы Вэй Чуньхуаға бұйырды.

Үрімжі марафоны 2023 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Тұңғыш додада қандасымыз Елеубек Қуанұлы топ жарса, 2024 жылы бас жүлде Шаттық Өрлеуұлына тиеселі болған еді.

Айта кетейік, Алматыда 27 қыркүйекте мерейтойлық Almaty Marathon өтеді. Сайысқа 60-тан астам елден 16 мың қатысушы қатысады.