Референдум учаскелері Қазақстанның Бейжің, Шанхай және Гонконгтағы дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған. № 389 учаске Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ғимаратында – Бейжің қаласында орналасқан.
– Республикалық референдумға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыс беру күні, орны және уақыты туралы ақпарат орналастырылды, - деп хабарлады № 389 учаскесіндегі сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аққошқаров.
Оның айтуынша, № 389 референдум учаскесіне Бейжіңнің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, сондай-ақ ҚХР-да уақытша жұмыс істейтін және тұратын отандастарымыз, қазақстандық туристер және іссапарда жүргендер келеді деп жоспарланған.
Бейжің, Шанхай және Гонконгтағы референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша 7.00-де ашылады, ал дауыс беру 20.00-де аяқталады.
Бұған дейін біз Лондон мен Бішкектегі сайлау учаскелері Қазақстандағы АЭС бойынша референдумға қалай дайындалып жатқаны туралы жазған болатынбыз.