Қытайдағы өрттен келген шығын 570 млн доллардан асты

Фото: ҚХР Мемлекеттік өрт-құтқару басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытайда 552 мың өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ҚХР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өрт қауіпсіздігі және құтқару басқармасына сілтеме жасап. 

Қаңтар мен маусым аралығында елдің өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері 1,242 миллион шақыртуға шыққан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7 пайызға көп. Жүргізілген операциялардың нәтижесінде 98 мың адам құтқарылып, тағы 47 мың адам эвакуацияланған. Алайда 1084 адам қаза тауып, 1149 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.

Баспасөз брифингінде басқарманың ресми өкілі Лю Цзиян өрт санының өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалғанын, яғни небәрі 0,04 пайызға артқанын айтты. Сонымен қатар, оның айтуынша, қаза тапқандар саны 6,2 пайызға, жарақат алғандар саны 16,9 пайызға азайған.

Жарты жыл ішінде өрттен келген тікелей экономикалық шығын 4,08 миллиард юань (шамамен 571,6 миллион доллар немесе 299,2 миллиард теңге) болған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға төмен.

Ведомство мәліметінше, өрттердің негізгі себептері – электр желілеріндегі ақаулар, тұрмыста отпен абайсыз әрекет жасау, темекі шегу және қараусыз қалған ашық от көздері.

Қытайдың өртке қарсы және құтқару қызметтері өрт қаупін азайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Әсіресе, ауылдық жерлер мен шағын коммерциялық нысандардағы өрттің алдын алуға ерекше мән берілуде, себебі бұл аймақтарда өрт шығу қаупі жоғары.

Бұған дейін біз Қытайда табиғи апаттардан келген шығын 7,5 миллиард доллардан асқаны туралы хабарлаған болатынбыз.