Қытайдағы шахта апаты: 90 адам үйіндінің астында қалып қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясында орналасқан көмір шахтасында болған апаттан 90 адам жер астында қалып қойған. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап, Reuters хабарлады.

Фото: Bai Zhibin / XinHua / Global Look Press

Апат жұма күні кешке Чанчжи қаласының Цинъюань уезінде орналасқан Лиушэнью көмір шахтасында болған. Сол кезде шахта ішінде барлығы 247 жұмысшы жер астында болған.

Оқиғадан кейін құтқару жұмыстары басталып, сенбі күні таңға дейін:

  • 157 адам жер бетіне шығарылған

  • олардың ішінде 4 адамның қаза тапқаны расталған

  • 90 адам әлі де шахта ішінде қалған

Мамандардың айтуынша, шахтада көміртек тотығы (иіс газы) деңгейі рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен, бұл апаттың негізгі себебі болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, ал шахтада қалған адамдарды аман алып шығуға тырысып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Си Цзиньпин Қытайдың солтүстігіндегі көмір шахтасында болған апатқа дереу шара қабылдауды тапсырды.