Қытайдағы табиғи апаттардан келген шығын 7,5 миллиард доллардан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда табиғи апаттардың алғашқы алты айдағы салдарына қатысты ресми деректер жарияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, алты ай ішінде әртүрлі табиғи апаттар 25,037 миллион адамға әсер еткен. Табиғи катаклизмдердің салдарынан 307 адам қаза тапты немесе із-түссіз жоғалып кеткен деп есептеледі, 620 мыңнан астам тұрғын шұғыл эвакуацияланып, қауіпсіз аймақтарға уақытша орналастырылған.
Ел бойынша 29,6 мың тұрғын үй толығымен қираған, тағы 347,2 мыңнан астамы әртүрлі деңгейде зақымдалған. Ауыл шаруашылығы алқаптарының 2,18 миллион гектары зардап шеккен. Тікелей экономикалық шығын көлемі 54,11 миллиард юаньға бағаланып отыр – бұл шамамен 7,6 миллиард АҚШ долларына тең.
Негізгі шығын жер сілкіністері мен тасқындардан келген. Сонымен қатар, елдің бірнеше аймағында бұршақ, құрғақшылық, тайфун, үсік, боран және орман өрттері тіркелген.
Министрлік үшінші тоқсанда ірі төтенше жағдайлардың туындау қаупі дәстүрлі түрде өсетінін атап өтті. Бұл өндірістік белсенділіктің артуымен, туристік ағымның көбеюімен және көлік, қонақ үй мен ойын-сауық салаларына түсетін маусымдық жүктеменің артуымен байланысты.
Шілде мен тамыз айларында су тасқынының шарықтау маусымы басталады, бұл кезеңде нөсер жауын, аптап ыстық және тайфундар жиілейді. Бұл қосымша алаңдаушылық туғызып отыр.
ҚХР билігі барлық тиісті жергілікті мекемелерге төтенше жағдайлардың алдын алу және мониторинг жұмыстарын күшейтіп, қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, халық пен инфрақұрылымды қорғау шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұған дейін Қытайда қатты су тасқыны салдарынан 80 мыңнан астам адам эвакуацияланғаны хабарланған болатын.