Қытайдағы тау тасқыны: Юйчжун уезінде жолдар мен электр жарығы қалпына келтірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясының Юйчжун уезінде жексенбі күні тау тасқыны салдарынан зақымданған жолдар мен электр желілері жөнделді, деп хабарлайды Синьхуа.
Табиғи апаттан 13 адам қаза тауып, тағы 30 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Жергілікті биліктің мәліметінше, жексенбі күні апаттан ең көп зардап шеккен аудандарға апаратын жолдар қайтадан көлік қозғалысы үшін ашылды. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 700-ден астам құтқарушы мен 200-ден аса арнайы техника жұмылдырылған.
«State Grid» ұлттық электр желілері корпорациясына қарасты Ганьсу электр энергетикалық компаниясының хабарлауынша, зардап шеккен тұрғын үйлерге электр қуаты сенбі кешке қарай қалпына келтірілген. Электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін 73 апаттық көлік, 42 генератор, 3 жылжымалы электр станциясы және 330 жөндеу қызметкері тартылды.
Нөсер жауын салдарынан пайда болған тау тасқындары бейсенбі кешке Юйчжун уезі мен Ланьчжоу қаласының басқа да аудандарына әсер еткен. Жұма күні түске дейін жауын-шашын мөлшері 220,2 мм-ге жеткен.
Қазіргі таңда із-түзсіз жоғалғандарды іздеу және басқа да құтқару жұмыстары қызу қарқынмен жалғасып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Қытай билігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жолдарды қалпына келтіруге 70 миллион юань бөлгені мәлім болды.
Кеше Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында тау тасқыны салдарынан 10 адам қаза тауып, 33 адам із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған едік.