АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Ханчжоу қаласында каратэ-додан өтіп жатқан Премьер-лига бәсекесінде қазақстандық екі спортшы жүлдеге қол жеткізді.
Алдымен Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) ақтық сында Алжир спортшысы Силия Уикенмен 8:8 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта қарсыласына есе жіберді.
Айта кетсек, былтыр Түркияның Анталья қаласында WKF каратэден Karate1 Premier League - Antalya турнирінде 50 келі салмақта Мөлдір Жаңбырбай алтын алған еді.
Ол биыл қаңтарда өткен жылдың алғашқы премьер-лига турнирінде қола медаль жеңіп алды.
Ал, қазақстандық тағы бір каратэші Әсел Қанай (61 келі) Қытайдың Ханчжоу қаласындағы бәсекеде қола жүлдені еншіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін юниорлар мен жастар арасындағы каратэден Қазақстан чемпионаты рекордтық көрсеткішпен аяқталғанын жазған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.