Қытайдағы жер сілкінісі Қырғызстанда сезілді

Фото: ҚР ҰҒА Сейсмология институты

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда жергілікті уақыт бойынша сағат 13:44-те эпицентрінде күші 6,5 балл шамасында болған жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі

Қырғыз Республикасы ҰҒА Сейсмология институтының алдын ала мәліметіне сәйкес, жер сілкінісінің ошағы Қытай аумағында, Бедел ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым, Құмтор кенішінен оңтүстік-шығысқа қарай 85 шақырым және Қаракөлден оңтүстікке қарай 145 шақырым жерде жатыр. 

Беделде жер сілкінісінің қарқыны 4,5 балл, Құмтор кенішінде 4 балл, Қаракөлде – 3 және Бішкекте 2,5 балды құрады.

Бұған дейін Қытайдың солтүстік-батысында жер сілкінгенін хабарлаған болатынбыз. 

Еске салайық, Алматыда бүгін, 4 желтоқсанда жер сілкінді. 

Жерасты дүмпуінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 277 шақырым қашықтықта, Қытай аумағында жатыр. Алматыда дүмпулер MSK-64 шкаласы бойынша 3 балл деңгейінде сезілді.

Алматы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қалада тіркелген жер сілкінісіне қатысты түсінік берді.