Қытайдан келген көкпаршылар жарысты жалғастыра алмады

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қытайдан келген көкпаршылар жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Іріктеу кезеңінде Ресей құрама командасы мен Қытай елінің көкпаршылары бақ сынап, 4:1 есебімен ресейлік шабандоздар алға шықты.  

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қытайдың «Қазанат» ЖШС атынан келіп қатысып жатырмыз. Көкпар, аударыспақ секілді ұлттық ойындарға қатысу үшін, Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінен іріктеп 25 спортшы алып келдік. 2017 жылы экспо халықаралық көрмесі аясында өткен көкпар ойындарында 4 орын алып қайтқан едік. Бүгін жолымыз болмады, енді басқа спортшыларымыздан үміт күтеміз. Көшпенділер ойыны сәтімен өтсін деп тілейміз», - дейді Қытайдағы қандастардан құралған көкпар командасының жаттықтырушысы Серік Үсенұлы.

Айта кетейік, алғашқы кездесу Қазақстан және Өзбекстан құрама командасының көкпаршылары арасында өтті. Тартысты өткен сайыста, қазақстандық шабандоздардың мерейі үстем болып, 16:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады.

Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия.