Қытайдың 6 дөңгелекті көлігі Антарктикада 10 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті

Фото: 24.kz/kz/

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың өз күшімен әзірлеген «Сюэбао» («Қар барысы») деп аталатын 6 дөңгелекті көлік құралы Антарктиканың экстремалды жағдайларында жүргізілген сынақтарды сәтті аяқтап, ешбір ақаусыз 10 мың шақырымнан астам жолды еңсерді. Бұл туралы сейсенбі күні Қытайдың 42-ші антарктикалық экспедициясының командасы хабарлады.

Өткен жылдың 5 желтоқсанынан бастап осы жылдың ақпан айының басына дейін қызыл түсті бұл көлік құралында Қытайдың «Чжуншань» станциясында және Антарктиканың ішкі аудандарындағы бес типтік ландшафтта сынақтар жүргізілді. Атап айтқанда, теңіз мұзы, қиыршық тас, жұмсақ және қатты қар жамылғысы, сондай-ақ қатты мұз жағдайларында тексерілді.

«Экспедиция командасының мәліметінше, аталған көлік құралының сынақтан сәтті өтуі Антарктикада қызметкерлерді жедел жерүсті тасымалдау, ғылыми зерттеулерді қолдау және төтенше жағдайда құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған техника тапшылығын жоюға мүмкіндік берді», деп жазды Синьхуа агенттігі.

Ұзақ уақыт бойы Антарктикадағы экспедициялар кезінде Қытай негізінен импортталған шынжыр табанды көлік құралдарына сүйеніп келді. Алайда мұндай техниканың жылдамдығы төмен, жанармай шығыны жоғары әрі пайдалану мен жөндеу шығындары қомақты болып келеді.

Сынақтарға тікелей жетекшілік еткен және Grove Mountains экспедициялық тобы басшысының орынбасары Сунь Пэннің айтуынша, кәдімгі шынжыр табанды көлік құралдарының орташа жылдамдығы шамамен 15 км/сағ құрайды. Ал сынақ нәтижелері «Сюэбао» 6 дөңгелекті көлігінің жұмсақ қар үстінде 28 шақ/сағ, қатты қарда 42 шақ/сағ жылдамдыққа дейін жете алатынын көрсетті. Сонымен қатар, ол қатты мұз үстінде 65 шақ/сағ тұрақты жылдамдықты ұстап тұра алады және толық жанармай багымен шамамен 700 шақырым жол жүру қоры бар.

Төтенше миссиялардың бірінде «Сюэбао» көлігі 12 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, көріну қашықтығы шамамен 3 метрді құраған боран жағдайында екі бағытта 263 шақырым жол жүріп өтіп, аса маңызды жабдықтардың жедел жеткізілуін қамтамасыз етті.

— Бұл Антарктида құрлығының ішкі бөліктерінде әуе қатынасы мүмкін болмаған қатаң ауа райы жағдайларында Қытайдың экспедициялар барысында алғаш рет осыншалықты жылдам әрі тиімді жерүсті тасымалын қамтамасыз ете алған жағдайы болды, — дейді Grove Mountains экспедициялық тобының жетекшісі Яо Сюй.

2025 жылғы 1 қарашада Қытайдың 42-ші антарктикалық экспедициясы Шанхай қаласынан жолға шықты. Экспедиция барысында құрлықта жаңа жабдықтар мен технологиялар орналастырылып, сынақтан өткізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай ғалымдарының ұшақ пен автокөлікті біріктіргенін жаздық.