Ақпаратқа сәйкес, 7 мамыр күні Әскери сот ҚКП Орталық әскери кеңестің бұрынғы мүшесі, Мемлекеттік кеңестің бұрынғы мүшесі — Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэнің пара алу ісі бойынша үкім шығарды. Сот Вэй Фэнхэні пара алғаны үшін кінәлі деп танып, өлім жазасына кесті. Сот шешімімен жазаның орындалуы екі жылға кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ ол саяси құқығынан өмір бойына айырылып, жеке мүлкі толығымен тәркіленді. Екі жылдан кейін өлім жазасы орындалмай, заңға сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылған жағдайда, ол өмірінің соңына дейін қамалады. Жаза мерзімін қысқартуға, мерзімінен бұрын босатуға болмайды.
Сондай-ақ Әскери сот ҚКП Орталық әскери кеңестің бұрынғы мүшесі, Мемлекеттік кеңестің бұрынғы мүшесі—Қорғаныс министрі Ли Шанфудың да ісін қарап, оны пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Ол өлім жазасына кесілді, сот шешімімен жазаның орындалуы екі жылға кейінге қалдырылды. Ақпаратқа сәйкес, екі жылдан кейін өлім жазасы орындалмай, заңға сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылған жағдайда, Ли Шанфу өмірінің соңына дейін қамауда отыруға тиіс. Жаза мерзімін қысқартуға, мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады.
Ашық дереккөздерден белгілі болғандай, 68 жастағы Ли Шанфу Қытай Халық-азаттық армиясының Сичан спутник орталығының қолбасшысы, Бас жабдықтау бөлімі бастығының орынбасары, Орталық әскери кеңестің Қару-жарақты дамыту бөлімінің басшысы секілді қызметтерді атқарған. 2022 жыллғы Қытай Коммунистік партиясының ХХ съезінен кейін Ли Шанфу Орталық әскери кеңестің мүшесі болып тағайындалды.
2023 жылғы наурызда ол Вэй Фэнхэнің орнына Мемлекеттік кеңестің мүшесі--Қорғаныс министрі қызметіне көтерілді. Дегенмен сол жылы шілде айында Ли Шанфу саясат алаңынан ізім-ғайым жоғалды.
2023 жылғы 31 тамызда Ли Шанфуға «партия тәртібі мен мемлекет заңын өрескел бұзды» деген айып тағылып, ресми тергеу амалдары басталды. Келесі айында оның бұрынғы басшысы, бұрынғы Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэнің үстінен іс қозғалғаны белгілі болды. Биыл 72 жастағы Вэй Фэнхэ Қытай Халық-азаттық армиясының Екінші артиллериялық әскерінің (қазіргі Зымыран күштері) қолбасшысы, сондай-ақ Зымыран күштері қолбасшысы қызметтерін атқарған.
2017 жылы өткен ҚКП-ның XIX съезінен кейін ол Орталық әскери кеңестің мүшесі, Мемлекеттік кеңестің мүшесі-Қорғаныс министрі болып тағайындалған еді.
2024 жылғы 27 маусымда Ли Шанфу мен Вэй Фэнхэ партия қатарынан шығарылды.
Бұған дейін Қытайдың Қырғызстанда жаңа энергия көздерін дамытуға 1 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын екенін хабарлаған болатынбыз.