Қытайдың Чунцин қаласында тау беткейі құлап, 30-дан астам адамды іздестіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Чунцин қаласына қарасты Пэншуй уезінде 17 шілде күні түстен бұрын тау беткейі опырылып, салдарынан біраз тұрғын үй топырақ астында қалды. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Фото: Lianhe Zaobao

Басылымның жазуынша оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 9:10 шамасында Уцзян өзеніндегі Үшінші көпір маңында болған.

Дереккөздің мәліметінше, таңғы сағат 8:00 шамасында жергілікті қызметкерлер тау беткейінен ұсақ тастардың сырғи бастағанын байқап, дабыл жүйесін іске қосқан. Нәтижесінде 60-тан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Алайда эвакуация кезінде тау беткейі кенет опырылып, көптеген адам үйінді астында қалып қойған.

Басылымның жазуынша, қас қарайғанға дейін құтқарушылар үйінді астынан 18 адамды шығарған. Соңғы мәлімет бойынша, 8 адам қаза тауып, 34 адам із-түзсіз жоғалған.

Апат аймағының маңынан 1100-ден астам адам эвакуацияланды.

Куәгерлердің айтуынша, тау беткейі не бәрі бір-екі минуттың ішінде опырылып түскен. Оқиға кезінде жарылысқа ұқсас қатты дыбыс естіліп, ірі тастар тау бөктерінен етекке қарай домалаған.

Басылымның жазуынша, апат болған аумақта негізінен керамика және құрылыс материалдары саудасымен айналысатын жеке кәсіпкерлер тұрған.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбаларда тау беткейі жаппай сырғып, алып тастардың жолды толық жауып қалғаны көрінеді.

Құтқару жұмысына 800-ден астам маман жұмылдырылды. Чунцин қалалық Төтенше жағдаймен күрес жасағының басшысы Вань Пиннің айтуынша, тау беткейі әлі де тұрақсыз. Осыған байланысты апат орнында тәулік бойы бақылау жүргізетін радиолокациялық бақылау жүйесі орнатылған.

Басылымның мәліметінше, Қытайдың Табиғат апаттарының алдын алу және апат салдарын жою жөніндегі мемлекеттік комитеті IV деңгейдегі төтенше әрекет ету режимін іске қосты.

Синьхау агенттігінің хабарлауынша, оқиғадан кейін Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастыру, қайталама апаттардың алдын алу, зардап шеккендерге жәрдем беру және оқиғаның салдарын жою жұмыстарын тиімді жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар ол апат себебін жан-жақты анықтап, осы секілді геологиялық қауіптердің алдын алу үшін ел бойынша тексеру жүргізуді талап етті. Си Цзиньпин барлық өңірлер мен жауапты мемлекеттік органдарға қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, қауіпті учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізу жұмысын жандандыр жөнінде тапсырма берді.

Бұған дейін Қытайда Жердегі ең көне янтарь табылғаны туралы хабарлаған болатынбыз