Қытайдың дәстүрлі фарфор өндірісі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында Қытайдың Цзиндэчжэнь қаласындағы дәстүрлі фарфор өндірісіне қатысты мұра нысандарын Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Фото: Pexels

Осылайша, Қытайдағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандардың жалпы саны 61-ге жетті.

Цзиндэчжэньдегі дәстүрлі фарфор өндірісі мұралары — Қытайдың Цзянси провинциясындағы (Шығыс Қытай) Цзиндэчжэнь қаласында X ғасырдан XIX ғасырға дейін қалыптасып, дамыған қолөнерлік фарфор өндірісінің тұтас жүйесін бейнелейтін тарихи нысандар кешені.

ЮНЕСКО қабылдаған шешімде Цзиндэчжэньде әлемдегі ең сапалы фарфор өндірілгені атап өтілген. Әсіресе көк-ақ түсті фарфор бұйымдары мен олардың өрнектері дүниежүзіне кеңінен таралып, Қытай мәдениеті мен өнерінің символына айналған.

Тізімге енгізілген нысандар қатарында қалалық фарфор өндірісі орталығы, ежелгі Хутянь пештер кешені, Гаолин фарфор сазының кен орны, Чанлин фарфор тасының кен орны және Цзяотань аумағындағы отын дайындау аймағы бар. Бұл нысандардың жалпы аумағы 19,79 шаршы шақырымды, ал буферлік аймағы 55,46 шаршы шақырымды құрайды.

Бүкіләлемдік мұра комитетінің мәліметінше, бұл нысан Қытайдың дәстүрлі фарфор жасау технологиясының, фарфор өнері мен өндірісінің жаңашыл дамуын айқын көрсетеді. Сондай-ақ ол қытайлық фарфор өндірісінің әлемдік керамика өнеркәсібінің дамуына, өркениеттер арасындағы тәжірибе алмасу мен мәдени ықпалдастыққа зор ықпал еткенін дәлелдейді.

Комитет Қытай үкіметінің аталған Бүкіләлемдік мұра нысанын қорғау және тиімді басқару бағытындағы күш-жігері мен жетістіктеріне жоғары баға берді.

Бүкіләлемдік мұра комитетінің сессиясында Қытай үкіметі атынан сөз сөйлеген Қытайдың Мәдениет және туризм вице-министрі, Мемлекеттік мәдени мұраны қорғау басқармасының басшысы Чжао Цюань елдің Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенция талаптарын толық орындауға бейілді екенін мәлімдеді.

Ол Қытайдың мәдени мұра нысандарын қорғау, сақтау және орнықты пайдалану жүйесін одан әрі жетілдіріп, ЮНЕСКО-мен және Конвенцияға қатысушы өзге мемлекеттермен адамзаттың ортақ мұрасын сақтау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыратынын атап өтті.

Еске сала кетейік, жақында Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енетіні белгілі болды.