Қытайдың Ганьсу провинциясында тасқыннан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында болған тау тасқыны салдарынан 15 адам қаза тауып, тағы 28 адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы сейсенбі күні провинцияның Төтенше жағдайларды басқару департаменті хабарлады.
8 тамыз күні таңертеңгі жағдай бойынша, Юйчжун уезінде (Ганьсу провинциясы) төтенше жағдай жарияланып, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
7 тамыз кешінен 8 тамыз таңына дейін Ганьсу провинциясының әкімшілік орталығы — Ланьчжоу қаласы мен оның маңындағы Юйчжун уезінде толассыз нөсер жауын жауып, тау көшкіндері мен лай тасқындарына себеп болды.
Қазіргі уақытта жергілікті билік Юйчжун уезінде табиғи апаттың ауқымын және келтірілген шығынды бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін хабарланғандай, Ганьсу провинциясында тау тасқыны салдарынан 10 адам қаза тауып, 33 адам із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған едік.
Қытай үкіметі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жолдарды шұғыл қалпына келтіру жұмыстарына орталық үкімет бюджетінен 70 миллион юань (шамамен 9,81 миллион АҚШ доллары) бөлгенін мәлім етті.
Сонымен қатар Юйчжун уезінде жексенбі күні тау тасқыны салдарынан зақымданған жолдар мен электр желілері жөнделгені хабарланды.