Қытайдың көптеген аймағында «жүретін қонақ үй» туристік жобасы іске қосылды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Фото: kaz.people.cn

АСТАНА. KAZINFORM - "Kazinform" ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстанда қалдықтан жанармай өндіру жобасы іске қосылады - ӨзА

Фото: uza.uz

Өзбекстанда өнеркәсіптің қауіпті қалдықтарын басқаруға бағытталған ірі халықаралық жоба жүзеге асырылады. Бұл жөнінде Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі министрлік хабарлады, деп жазады ӨзА.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, жоба Сауд Арабиясының Vision International Investment Company (VIIC) және Францияның Suez International компаниясымен бірлесіп іске асырмақ. Соған орай тараптар өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.

78 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жоба үш кезеңде жүзеге асырылмақ

Атап айтқанда, бірінші кезеңде қалдықтарды тұрақтандыру, оларды полигондарға орналастыру кешендері мен аймақтық тасымалдау станциялары құрылады;

Екінші кезеңде RDF (Refuse-Derived Fuel) – қалдықтан жанармай өндіру құрылғылары мен жағу нысандары жобаланып, тәжірибелік сынақтар жүргізіледі;

Үшінші кезеңде RDF жанармайын толық көлемде өндіретін, жылумен өңдейтін зауыт салынып, пайдалануға беріледі.

Айта кету керек, бұл бастама Өзбекстанның экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр. Сонымен қатар жоба ел мен шетелдік серіктестер арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге және қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан мен Қазақстан геология саласындағы әріптестікті нығайтады» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.

Фото: uza.uz

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Өзбекстан Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігінде Қазақстан Республикасының Құрылыс және өнеркәсіп министрінің орынбасары Иран Шархан бастаған делегациямен кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар геология және кен өндіру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, ғылыми-зерттеу бағытында тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылаған.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан делегациясы Ташкентте өтіп жатқан «Minex Central Asia 2025» форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтіп, бұл Өзбекстандағы геология және тау-кен саласындағы реформалардың қарқынын көрсететінін жеткізді.

Өзбекстандық басылымның мәлімдеуінше, кездесу қорытындысында тараптар салааралық ынтымақтастықты тереңдетуге, тұрақты диалог орнатуға және тәжірибе алмасуды жандандыруға уағдаласты. Мұндай өзара байланыстар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңызды тетігі ретінде бағаланды.

Иран Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастығын тоқтатты - ParsToday

Фото: parstoday.ir

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Иранның Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікпен ядролық нысандардың қауіпсіздігіне кепілдік берілгенге дейін және Иранның бейбіт ядролық бағдарламасы жылдам қарқынмен алға ілгерлемейінше, агенттікпен ынтымақтастығын  тоқтататынын айтты, деп хабарлайды ParsToday ақпарат агенттігі.

«Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мұхаммад Бақер Қалибаф сәрсенбі күні парламенттің ашық отырысында: «АҚШ Иран халқының табандылығын көргенде, өзін қиын жағдайдан шоу шабуылымен құтқаруға тырысты және оның аймақтағы қолбасшылық орталығына Иран жауап бергеннен кейін атысты тоқтатуды ұсынып, оның артына түсті. Мұның бәрі Иран өзінің ұстамдылығымен өзінің барлық мүмкіндіктерін, оның ішінде әлемнің энергетикалық экономикасына әсер ете алатын мүмкіндігін әлі пайдаланбаған жағдайда болып жатқанын айтты», деп жазады ирандық басылым.

Түркия көп қабатты әуе қорғаныс жүйесін жетілдіреді - TRT

Фото: trt.global

Түркия бүкіл ел аумағында көпқабатты әуе қорғаныс жүйесін кеңейту мақсатында «Болат күмбез» деп аталатын қорғаныс жүйесіне инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы Ұлттық қорғаныс министрлігінің дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Министрліктегі лауазым иесінің айтуынша, Түркия ең алдымен әуе қорғаныс жүйесі - «Болат күмбезге» инвестиция салуды және бүкіл ел бойынша көпқабатты әуе қорғаныс жүйесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, жоспарланған жаңартулар гипердыбыстық, баллистикалық және қанатты зымыран жүйелеріне, сондай-ақ ұшақтарға, әскери кемелерге, танктерге және құрлықта, теңізде және әуеде қолданылатын ұшқышсыз жүйелерге, жаңа буын әуе тасымалдаушылары мен фрегаттарға инвестиция салуды қамтиды.

Сондай-ақ «TRT» басылымында «Түркияның 26 университеті әлем университеттерінің «QS 2026» рейтингі тізіміне енді» деген тақырыпта ақпарат жарық көрді. 

Фото: trt.global

Келтірілген деректерге сүйенсек, «QS 2026» әлем университеттері рейтингінің алғашқы 500 университет тізімінде Түркияның 6 университеті бар.

Түркия Жоғары білім кеңесі (YÖK) әлемнің 106 елінен және аймағынан 1500 университетті қамтитын «QS 2026» әлем университеттері рейтингінің тізіміне 26 түрік университетінің кіргенін жариялады.

Сондай-ақ Түркия рейтингте 20-дан астам университеті бар елдер арасында төртінші орында тұр.

Қытайдың көптеген аймағында «жүретін қонақ үй» туристік пойыздары іске қосылды – «Халық газеті»

Жақында Қытайдың көптеген жерінде туристік пойыздар іске қосылып, «жүретін қонақ үй» салып, саяхатшыларға жаңа саяхат тәжірибесін ұсынды. Бұл егде жастағылардың қыдыруына қолайлы болды. Сол арқылы туризмді тиімді ілгерілетіп, қарттар экономикасын дамытты, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Қытайлық басылымның мәліметінше, Хэнань өлкесі шығарған арнайы туристік пойыз сәуір айының ортасында жұмысын бастаған. Пойыздың сыртқы дизайны мен ішкі безендірілуі аймақтық мәдениет ерекшеліне ие, ол бейне «көшпелі мәдениет залы» сияқты. Пойыздың интерьері қарттарға ыңғайлы етіп қайта жабдықталды, мысалы, дыбыссыз технология және үстіңгі және астыңғы төсектердегі екі қабатты терезелер сияқты орналастырулар егде жастағылардың саяхатына қолайлы болған.

Келтірілген деректерге сүйенсек, әрбір жеке бөлме егде жастағы жолаушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке дәретханамен, құрғақ-дымқыл дәретханамен және медициналық қызмет көрсету аймағымен жабдықталған.

Сонымен қатар, пойыз 2 адамдық, 3 адамдық және 4 адамдық бөлмелер сияқты жұмсақ ұйықтайтын вагондармен, сондай-ақ асхана вагондары, көп функциялы вагондар және жұмыс вагондарымен жабдықталған. Олардың ішінде көп функциялы вагондар жолаушылардың әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін көрікті жерлерді тамашалау, демалу, ойын-сауық сынды қызметтерді біріктіреді.