Қытайдың оңтүстігінде мыңдаған адам чикунгунья вирусын жұқтырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында биыл чикунгунья безгегін жұқтырудың 7 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бұл туралы BBC хабарлайды.
Аймақтың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы соңғы екі аптада 5832 жаңа жағдай анықталғанын мәлімдеді. Қытайда мұндай індет сирек кездескенімен, вирустың жылдам таралуы билік тарапынан алаңдаушылық туғызды.
Фошань қаласынан бөлек, провинциядағы тағы кемінде 12 қалада чикунгунья дерегі расталды. Сонымен қатар, 6 тамызда көршілес Гонконгта да үш жаңа жағдай тіркелді.
Гуандун билігі вирустың таралуына қарсы биологиялық шараларды қолға алды. Олардың қатарында вирусты тарататын Aedes масаларын жоятын «піл масаларын» табиғи ортаға жіберу, сондай-ақ маса дернәсілдерін жейтін арнайы балық түрлерін су қоймаларына жіберу секілді тәсілдер бар. Мысалы, өткен аптада Фошань қаласында 5000-ға жуық мұндай балық суға жіберілген.
Халыққа тоқтап қалған суды құрғатып, су ыдыстарын тазалап отыру, репелленттер қолдану және алғашқы белгілер байқалғанда дереу дәрігерге қаралу ұсынылады. Қазіргі таңда аурудың барлық жағдайы жеңіл түрде өтіп жатыр, ал науқастардың 95%-ы бір апта ішінде сауығып кетіп жатыр.
Еуропалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша, 2025 жылдың басынан бері әлемде 240 мыңға жуық адам чикунгунья вирусын жұқтырған. Еуропа елдерінде 31 жағдай тіркелген: 30-ы Францияда, 1-еуі Италияда.
Еске сала кетейік, чикунгунья безгегі — Aedes масасы арқылы таралатын жедел вирустық ауру. Негізгі белгілері — жоғары температура, бөртпе және буын аурулары. Бұл аурудың белгілері денге безгегіне ұқсас.
Бұған дейін Қытайдың оңтүстігінде Чикунгунья безгегіне қатысты ескерту жүйесі іске қосылғаны хабарланды.