Қытайдың ішкі жалпы өнімі бірінші тоқсанда 5,4%-ға өсті

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2025 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға өсті. Бұл туралы сәрсенбі күні ҚХР Ұлттық статистикалық басқармасының (ҰСБ) мәліметі көрсетті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Осы кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі 31,8758 трлн юаньға (шамамен 4,42 трлн) жетті, деп келтірді Xinhua агенттігі Ұлттық статистикалық басқарма деректерін.

Қытайдың жалпы ішкі өнімі 2024 жылы жылдық есептеуде 5%-ға өсті, ал биыл Қытай басшылығы жыл бойы экономикалық өсімді шамамен 5%-ға жеткізу мақсатын қойды. 
Сәрсенбіде Қытай билігі елдің ішкі сұраныс пен экономикалық өсімді арттыруға бағытталған күш-жігерінің бір бөлігі – 2025 жылы қызметтерді тұтынуды арттыру бойынша жұмыс жоспарын жариялады.

ҚХР Сауда министрлігі мен басқа сегіз үкіметтік ведомствоның бірлесіп әзірлеген жоспар тұтынушыларға қызмет көрсетуді кеңейтуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және сектордың өсу әлеуетін ашуға бағытталған. 

Жоспар қызметтердің негізгі секторларын да, бизнестің жаңа нысандарын және тұтынудың жаңа сценарийлерін қамтитын кең ауқымды секторлар үшін 48 нақты шараны ұсынып отыр. 
Еске сала кетсек, Дональд Трамп Қытайға баж салығын 145 пайызға дейін көтерді. 

Ал Қытай АҚШ тауарларына баж салығын 125 пайызға дейін көтергенін жазған болатынбыз.