Қытайдың жас дін лидерлерімен әңгіме: дін қағидаттары мен жастардың рөлі

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 17–18 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VIII съезі өтеді. Съезд қарсаңында агенттік тілшісі Қытай делегациясындағы жас дін өкілдері — буддистік қауымдастықтан Ван Кай (万慨), монах және даосизм қауымдастығынан Цзинь Чунцзин (金崇景) дао тәлімгерімен әңгімелесті. Олар даосизмнің «Тәңір-адам бірлігі» (天人合一) және буддизмнің «қайырымдылық пен барлық тіршілікке тең көзқарас» қағидаттары, сондай-ақ жастардың дінаралық диалогтағы рөлі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

- Алдымен, Цзинь Чунцзин мырза, даосизмнің «Тәңір - адам бірлігі» қағидаты қазіргі экологиялық дағдарыстар мен адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне қандай тәжірибе береді?

Цзинь Чунцзин: «Тәңір - адам бірлігі» — даосизмнің басты қағидаты және Қытайдың дәстүрлі экологиялық даналығының негізі. Мұндағы «Тәңір» ұғымы тек аспанды емес, сонымен бірге табиғат пен ғарыштың заңдылықтарын білдіреді. «Бірлік» — адам мен барлық жаратылыс арасындағы түпкі біртұтастықты, ортақ шығу мен өзара тәуелділікті көрсетеді.

«Дао дэ цзинде» айтылған: «Адам — жерге, жер — тәңірге, тәңір — даоға, дао — табиғатқа тәуелді». Бұл тұжырым — осы ойдың қайнар көзінің бірі. Даос тұрғысынан адам табиғатпен үйлесімде болуға тиіс: табиғи заңдарды құрметтеп, барлық тіршілікке қамқорлықпен қарау қажет. Қазіргі әлемде экологиялық қауіптер мен орнықты дамуға қатысты сын-қатерлер кез келген ел үшін өзекті. Сондықтан табиғатты қорғауды басымдыққа қою, ресурстарды ұтымды пайдалану және жергілікті ерекшеліктерді ескеру — даосизм ұсынатын практикалық тәсілдерден. Бұл «барлық тіршілік бірге өссін, бір-біріне зиян келтірмесін» деген идеалға ықпал етеді.

Фото: Мұхтар Қалимоллаұлы/Kazinform

- Рақмет. Ван Кай мырза, буддизмнің «қайырымдылық пен барлық тіршілік тең» қағидаты қазіргі халықаралық шиеленістерді азайтуда қандай рөл атқара алады?

Ван Кай: Буддизмде «қайырымдылық қуаныш әкеледі, мейірім азаптан арылтады» деген қағида бар. «Қайырымдылық пен барлық тіршілік тең» тұжырымы нәсілге, дінге немесе әлеуметтік мәртебеге қатысты шектеулерді жояды, адамдар арасындағы теңдік пен төзімділікті насихаттайды. Бұл — бейбітшілік үшін ішкі негіз қалыптастыратын қағида.

Ішкі тыныштық пен өзіндік тәрбие арқылы адам ашу-ызадан, бейтарапсыздықтан арыла алады; осылайша оның сыртқы әрекеттері де қақтығысты азайтуға бағытталады. Сонымен қатар буддизмнің себеп-салдар (карма) тұжырымы адамдарды ізгі амалдар жасауға ынталандырады: жақсы әрекет жақсы нәтиже әкеледі деген түсінік қоғамда этикалық жауапкершілікті күшейтеді. Буддизм сондай-ақ табиғатқа қатысты ұстанымды — адам мен табиғаттың біртұтас жүйе екенін — дәріптейді; бұл шамадан тыс пайдалану мен қоршаған ортаны бұзудан сақтануға үндейді. Ішкі тәрбие, қоғамдық төзімділік пен экологиялық қамқорлық арқылы біз тұрақты әрі бейбіт қоғамды құруға ұмтыламыз.

- Жастардың діндер арасындағы диалогтегі рөлін қалай бағалайсыздар?

Ван Кай: Жастар — диалог пен трансформацияның негізгі күші. Олар ашық ойлы, жаңалыққа ұмтылатын және әртүрлі мәдениеттерді меңгеруге ынталы. Қазіргі технологиялар мен әлеуметтік платформаларды тиімді пайдалана отырып, жастар аймақтық бөгеттерді жеңіп, әртүрлі діни топтар арасында өзара түсіністікті арттыра алады. Буддизм өкілдері ретінде біз интернет-форумдар, виртуалды көрмелер және білім беру жобалары арқылы жастарды осы бағытқа тартуға тырысамыз. Жастардың белсенділігі мәдени аралық алмасуға, шығармашылық интеграцияға және діни құндылықтарды заман талаптарына бейімдеуге септігін тигізеді.

- Соңғы сұрақ: Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі дінаралық диалогты дамытуда қандай рөл атқарады деп есептейсіздер?

Цзинь Чунцзин: Бұл форум — дінаралық диалог пен тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң. Ол Қазақстанның осы бағыттағы белсенділігін көрсетеді. Қытай даосизм қауымдастығы алғаш қатысқан сәттен бері съезге әр жыл сайын қатысып келеді; бүгінде Дүниежүзілік даосизм одағына жиырмадан астам ел мен ұйым қосылды. Біз бұл алаң арқылы әрі қарай да Қазақстан және басқа әріптестермен ынтымақтасуды жалғастырғымыз келеді.

Айта кетейік, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшілері институты құрылды.