Астана халықаралық әуежайында Қытайдың жүк тасымалына маманданған China Central Longhao әуе компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар елорда әуежайы арқылы жүзеге асырылатын карго-техникалық аялдамалар бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін және жүк әуе тасымалдарын дамыту перспективаларын талқылады.
China Central Longhao компаниясы қыркүйек айынан бастап Boeing 747-400F жүк ұшақтарымен аптасына төрт рет Астана арқылы рейстер орындауды жоспарлап отыр. Жаңа тасымалдаушының келуі әуежайдың жүк бағыттары желісін кеңейтіп қана қоймай, Астананың Қытай, Орталық Азия және өзге де халықаралық нарықтарды байланыстыратын маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.
— Конструктивті диалог пен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін China Central Longhao компаниясының өкілдеріне алғысымызды білдіреміз, — делінген хабарламада.
Бұған дейін «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ 2025 жылды 6,9 млрд теңге шығынмен аяқтағанын жаздық. Кәсіпорынның жылдар бойы жинақталған жабылмаған шығыны 36 млрд теңгеге жеткен.