Қытайға 488 миллион теңгенің алтынын алып өтпек болған ер адам сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында құны 488 миллион теңге болатын 5,7 келі алтынды Қытайға заңсыз алып өтпек болған Алматы тұрғыны сотталды. Ол бағалы металды кедендік бақылаудан жасыру үшін денесіне жабысқақ таспамен бекітіп алған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жетісу облысы прокуратурасының хабарлауынша, оқиға «Қорғас» Шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының кеден бекетінде болған. Ер адам аса ірі мөлшердегі алтынды шекарадан заңсыз өткізбек болған.

Кедендік тексеру кезінде контрабандалық тауар анықталып, уәкілетті орган қызметкерлері алтынды тәркіледі.

Сотта мемлекеттік айыптаушы ер адамның экономикалық контрабанда жасауға оқталғанын дәлелдеді.

Панфилов аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылды. Салмағы 5 келі 764 грамм, құны 488 миллион теңге болатын алтын мемлекет кірісіне өткізілді.

Еске салайық, мұның алдында Абай облысында алтынды заңсыз өндірген тоғыз адам анықталғанын жазған едік.