Қытайға астық экспорты 2,5 есеге өсті - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда 2026 жылғы қыркүйектің алғашқы 20 күнінде астық экспорты 10%-ға өсіп, 674 мың тоннаға жетті. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы мәлімет берді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Атап айтқанда, Өзбекстанға 319 мың тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 20%-ға жоғары. Тәжікстанға 116 мың тонна астық жеткізіліп, өсім 21%-ды құрады. Қытайға экспортталған астық көлемі 101 мың тоннаға жетіп, 2,5 есеге артты.

Жалпы, 2026 жылғы қыркүйектің алғашқы 20 күнінде 852 мың тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық.

Сонымен қатар астықты қайта өңдеу өнімдерінің экспорты да өсіп келеді. Қыркүйектің алғашқы 20 күнінде ұн тарту өнімдерін тасымалдау көлемі 134 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артты.

Қазақстан әлемдік нарықта азық-түліктің сенімді жеткізушісі ретіндегі ұстанымын тұрақты түрде нығайтып келеді. 2025-2026 маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша астық пен ұн экспорты астық баламасында 15,5 млн тоннаны құрады.

Қазақстандық астық өнімдерінің сыртқы нарықтардағы ауқымы кеңейіп келеді. Экспорттық жеткізілімдер Орталық Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуропа елдеріне жүзеге асырылады.

Биыл да экспорт қарқынды дамып келеді.

Экспорттық жеткізілімдер көлемінің өсуі қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтардағы ауқымының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте астықпен қатар оны қайта өңдеу өнімдерінің де экспорт көлемі артып отыр.

Осыған дейін астықты өңірлердің биыл қанша тонна өнім жинайтыны туралы жаздық.