Қытайға ауыл шаруашылығы дақылдарын экспорттау көлемі артады

Фото: Коллаж: Kazinform/Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайға ауыл шаруашылығы дақылдарын экспорттау көлемі артады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлім етті.

— Өсімдік шаруашылығы өнімдерін ілгерілету бойынша карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою арқылы жаңа нарықтар ашылып келеді. Осылайша, Әзербайжан, Түркия, Иран, Түрікменстан, Қытай және ТМД елдерімен осындай келісімдер жасалды. Жыл сайын Қытайға экспорттаушылар реестрінде отандық кәсіпкерлердің саны артып келеді, қазіргі таңда 2 432 қазақстандық кәсіпкер тіркелген. Қытай нарығына бұршақ, жасымық және рапс сияқты өнімдерді жеткізу бойынша келісімдер бекітілді. Сонымен қатар 2026 жылға дейін күріш, маш, мақта және бақша дақылдары сияқты өнімдер түрлерін кеңейту жоспарланған, — деді Ербол Тасжүреков.

Оның айтуынша, бидай мен ұн экспортындағы оң динамикаға қарамастан, саланың бірқатар проблемасы бар. Қазақстан — Қытай шекарасындағы кеден рәсімдерінің ұзақтығы 5-тен 15 күнге дейін созылып, контейнерлік поездар, жабық вагондар мен астық тиегіштерінің жинақталуына және тоқтап қалуына себеп болып отыр.

Қазір Қорғастағы вагондардың барлық түрі (астық тасымалдайтын вагондар, жабық вагондар, контейнерлер) бойынша Қытай тарапының астық жүктерін қабылдауын ұлғайту талқыланып жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 60-тан астам елге шығып жатыр.