Қытайға экспорт: Үрімжіде Қазақстанның арнайы іс-шарасы өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Халық газеті

Қазақстан мен Өзбекстан білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді – ӨзА 

Өзбекстан мен Қазақстан мектепке дейінгі және мектеп білімі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Бұл мәселе Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрі Эъзоза Каримова мен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Фото: ӨзА

Хабарламада айтылғандай, тараптар екі ел басшыларының саясатының арқасында білім беру саласындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ оқушылар мен педагогтердің халықаралық пән олимпиадаларына, форумдар мен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға белсенді қатысуы жоғары бағаланды.

Кездесуде педагогтердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Тараптар бұл келіссөздер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Сондай-ақ, осы аптада«ӨзА»-да «Өзбекстанда бірыңғай ұлттық QR-код жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді

Фото: ӨзА

Аталған басылымның мәліметінше, Өзбекстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін арттыру және кәсіпкерлердің шығындарын азайту мақсатында Бірыңғай ұлттық QR-код жүйесі (UzQR) кезең-кезеңімен іске қосылады. Жаңа жүйе тұтынушыларға қай банктің немесе төлем ұйымының мобильді қосымшасын пайдаланса да, бір ғана QR-код арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.

Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, UzQR жүйесінде төлемдер үшін бірыңғай комиссия мөлшерлемесі 0,65 пайыз болып белгіленді. Бұл қазіргі қолданыстағы 1–3 пайыздық QR-төлем тарифтерінен айтарлықтай төмен. Сонымен қатар Uzcard және Humo жүйелерінің ұлттық емес QR-шешімдеріне қолданылатын тариф те 0,10 пайызға дейін қысқартылады.

Жаңа жүйеде төлем жасаушы тұтынушылардан комиссия алынбайды, тарифті тек сауда және қызмет көрсету субъектілері төлейді. Билік өкілдерінің айтуынша, UzQR кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, төлем қызметтері нарығындағы бәсекелестікті арттыруға және цифрлық экономиканың дамуына ықпал етеді.

Қазақстан мен Иран қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастықты арттырады – Eurasia Today

Қазақстан мен Иран қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Бұл мәселе Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшәлиев пен Иран Ислам Республикасының Ақтаудағы Бас консулы Джафар Заманидің кездесуінде қаралды, деп жазады Eurasia Today ақпарат агентті.

Фото: Eurasia Today

Аталған басылымның мәліметінше, кездесу барысында тараптар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, іздеуде жүрген тұлғаларды экстрадициялау және құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Сондай-ақ өңірлік прокуратураның қызметі мен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне назар аударылды.

Иранның Бас консулы өз елінің азаматтарының құқықтарын қорғау бағытындағы консулдықтың жұмысы туралы айтып, екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар құқықтық саладағы өзара іс-қимылды жалғастырып, тұрақты ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.

Үрімжіде «Қытайға экспорт» Қазақстан арнайы іс-шарасы өтті – Халық газеті

Қытайдың Үрімжі қаласында «Қытайға экспорт» Қазақстан арнайы іс-шарасы және IX Қытай халықаралық импорт көрмесінің инвестициялық жәрмеңкесі өтті.

Бұл туралы осы аптада Халық газеті басылымы хабарлады.

Фото: Халық газеті

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, іс-шараға Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионының төрағасы Әркін Тұнияз қатысты. Қытай халықаралық импорт көрмесі бюросы директорының орынбасары Гэ Хун көрменің сегіз жыл қатарынан табысты ұйымдастырылғанын айтып, қазақстандық кәсіпорындарды өз өнімдерін таныстырып, халықаралық серіктестер табуға шақырды.

Шараға 30-дан астам қазақстандық экспорттаушы және Шыңжаң мен Қытайдың өзге өңірлерінен келген 200-ден астам сатып алушы кәсіпорын мен салалық ұйым қатысты. Кездесу барысында қазақстандық және қытайлық компаниялар іскерлік байланыс орнатып, экспорттық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Қытай мен Қазақстан QR-код төлем жүйелерін өзара үйлестірді» деген ақпарат жарық көрді.

Фото: Халық газеті

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Қытай мен Қазақстан арасындағы шекарааралық QR-код төлем жүйелері өзара үйлестірілді. Бұл туралы Халықаралық UnionPay компаниясы Шанхайда Қазақстанның Ұлттық төлем компаниясымен (NPCK) бірлескен ынтымақтастық аясында хабарлады.

Тараптар шекарааралық QR-кодтарды интеграциялау және үйлестіру жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжатқа UnionPay бас атқарушы директоры Ван Лисинь мен NPCK бас атқарушы директоры Жанар Самаева қол қойды.

Келісім аясында «Yunshanfu» қосымшасы және UnionPay серіктес платформалары арқылы Қазақстанға келген туристер елдегі QR-код жүйесіне қосылған миллиондаған сауда нүктелерінде тікелей төлем жасай алады. Бұл шешім екі ел арасындағы цифрлық төлемдер мен сауда байланысын жеңілдетуге бағытталған.

Тегеран ғалымдары Паркинсонды емдеуде тұздың рөлін зерттеді – ParsToday

Тегеран университетінің ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу дене тіндеріндегі натрий хлориді тұзының концентрациясы Паркинсон ауруын мидың терең электрлік стимуляциясы әдісімен емдеудің тиімділігіне әсер етуі мүмкін екенін анықтады, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

Фото: ParsToday

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, зерттеу университеттің Биохимия және биофизика зерттеу орталығындағы Биотермодинамика зертханасында жүргізілді. Ғалымдардың айтуынша, натрий хлориді Паркинсон ауруымен байланысты «альфа-синуклеин» ақуызының агрегациясына ықпал етіп, емдеу нәтижесіне әсер етуі ықтимал.

Зерттеуді доктор Алиакбар Сабури мен доктор Париса Ибрахими басқарды. Авторлар бұл жаңалық Паркинсон ауруын электрлік стимуляция арқылы емдеу тәсілдерін жетілдіруге және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін екенін атап өтті.

Түркі мемлекеттері арасында электрондық сауда мен цифрлық қызметтер жеңілдейді – TRT

Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдер арасында цифрлық экономика саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған келісім аясында электрондық сауда, цифрлық қызметтер және трансшекаралық деректерге негізделген экономикалық қызметтердегі кедергілерді азайту көзделіп отыр. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

Фото: ТМҰ

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Түркияның Сауда министрлігі хабарлағандай, «Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Цифрлық экономика жөніндегі әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы заң» Ресми газетте жарияланды. Осылайша Түркия Әзербайжан мен Өзбекстаннан кейін келісімді ішкі деңгейде бекіткен үшінші ел атанды.

Министрліктің хабарлауынша, келісім Қазақстан мен Қырғызстан да ішкі ратификациялау рәсімдерін аяқтағаннан кейін күшіне енеді. Құжат цифрлық экономика саласында ортақ ережелерді қалыптастырып, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Келісім аясында кәсіпорындардың цифрлық нарықтарға қолжетімділігін жеңілдету, инновациялық технологияларды қолдануды ынталандыру және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген.

Сондай-ақ, осы аптада «TRT» басылымында «Түркияға қоныс аударғандардың саны 25,2 пайыз өсті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Фото: ТРТ

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Түркияға қоныс аударғандардың саны 2025 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 25,2 пайызға артып, 393 мың 829 адамға жетті. Бұл туралы Түркияның Статистика басқармасы жариялаған халықаралық көші-қон статистикасында мәлім болды.

Иммигранттардың 56,6 пайызы ерлер, 43,4 пайызы әйелдер. Олардың 91 мың 952-сі Түркия азаматтары, ал 301 мың 877-сі шетел азаматтары. Ал Түркиядан шетелге қоныс аударғандардың саны 5 пайызға азайып, 403 мың 216 адамды құрады. Ал ел ішіндегі қалалар арасында ең көп көш қабылдаған әрі ең көп көш берген қала – Стамбул.

Елге келген шетелдік азаматтардың ішінде ең жоғары үлес Түрікменстан азаматтарына тиесілі – 23,4 пайыз. Одан кейін Әзербайжан (8,3%), Өзбекстан (6,9%), Мысыр (6,1%) және Ауғанстан (5,8%) азаматтары тіркелді.