Қытайлық БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңге сапары туралы не жазды

 Кazinform тілшісі Қытайдың ірі бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған елге ресми сапары туралы жазған репортаждарына шолу ұсынады. 

Фото: CCTV арнасының репортажынан кадр

«Қытайды жақсы білетін Президент» – ҚХР ChinaNews ақпарат агенттігі

Қазақстан Президенті Қытайға екі күндік ресми сапармен барды және Қытайда өткен жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» ІІІфорумына қатысты.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарының бірі саналатын ChinaNews тілшісі ҚР Президентінің сапары туралы тікелей эфирдегі репортажы барысында Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қытай халқының жақсы досы» және «Қытайды жақсы білетін шетелдік Президент» деп атады.

Аталған БАҚ Қ. Тоқаевтың Қытайда білім алғаны, тұрып келгені туралы айта келе, қытайдың көптеген дәмді тағамы Қазақстан Президентіне зор әсер қалдырғанын да еске алды.

«Бұл – Президент Тоқаевтың Қытайға биылғы екінші рет келуі. Қазақстан басшысының Қытайға алтын күздегі осы сапарынан екі жақты қарым-қатынастың дамуы жаңа кезеңге аяқ басуын және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын құрудағы бірлескен күш-жігеріне жаңа серпін беруін күтеміз», – деп атап өтті ChinaNews тілшісі.

Си Цзиньпиннің Қазақстан Президентімен бірінші болып кездесуінің терең мәні бар – Қытай CCTV арнасы

Қытайдың CCTV арнасының тілшісі өзінің бейнерепортажында биыл «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 10 жыл толғанын атап өтті.

«Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумы қарсаңында ондаған елдің басшыларымен екіжақты келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл келіссөздердің алғашқысы Қазақстан Президенті Тоқаевпен болады. Өйткені, «Бір белдеу, бір жол» жобасы бастау алған жер ретінде Қазақстанның Қытай үшін маңызы зор», – деді тілші.

БАҚ Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстан елордасы Астанада сөйлеген сөзінде «Жаңа Жібек жолының экономикалық белдеуін бірлесіп құру» бастамасын ұсынғанын еске салды.

Қытай журналисі Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасы басталған жер ғана емес, сонымен қатар бұл маңызды халықаралық бастаманың жүзеге асырудың үлгілі қатысушысы екенін атап өтті. Бұдан бөлек, жобаны дамыту үшін Қытаймен көптеген бірлескен күш-жігер жұмсап жатқаны мәлім етілді.

«Қытай мен Қазақстан жоғары сапалы бірлескен жұмыс арқылы халықаралық қауымдастыққа ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті», – деді тілші.

CCTV арнасының хабарлауынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұсынылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып, Қытай мен Қазақстан Ляньюньган логистикалық ынтымақтастық орталығын құрды. Бұл «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында сәтті жүзеге асырылған алғашқы халықаралық жоба. Жоба дүние жүзіндегі теңізге шыға алмайтын ең ірі мемлекет Қазақстанды байтақ теңізбен байланыстырып, Орталық Азия мен әлем арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын жақындата түседі.

CCTV тілшілері видеорепортажда Қазақстан мен Қытайдың онжылдық бірлескен ынтымақтастығы арқылы Еуропа мен Азия арқылы тасымалдау бағытын құрып, халықаралық логистика және көлік саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергенін айтты.

Дәл осы себепті «Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумы қарсаңында ҚХР Төрағасы бірінші болып Қазақстан Президентімен кездесуді жөн көргені атап өтілген.

Си Цзиньпин Қазақстан Президентімен кездесіп, бұдан да көп нәтижеге қол жеткізу үшін «Бір белдеу, бір жол» бірлескен жұмысын ілгерілетуге дайын – Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігі

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 17 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Си Цзиньпин «көне досымен» қайта кездесуге қуаныштымын деп атап көрсетті.

««Бір белдеу, бір жол» ІІІ халықаралық ынтымақтастық саммитіне қатысу үшін Қытайға қош келдіңіз. Салауатты, тұрақты және серпінді Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы екі елдің дамуы мен жандануына, сондай-ақ аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылыққа ықпал етеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұмтылыстарын ұстанып, бір-біріне көмектесіп, тату көршілік пен достық ұғымын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, екі ел арасындағы тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестіктің дамуына үздіксіз жәрдемдесуі керек» – деді ол.

Си Цзиньпин бұдан 10 жыл бұрын Қазақстанда «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірлесіп құру бастамасын алғаш рет ұсынғанын баса айтты.

Екі жақ бұдан да көп нәтижеге қол жеткізіп, екі халыққа жақсырақ игілікке жету үшін «Белдеу және жол» бірлескен құрылысын ілгерілету үшін ынтымақтастықты нығайтуы керек деді.

Қытайша сөйлейтін Президент өзінің альма-матеріне қайтып келді – Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті

Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің тіл және мәдениет университетіне сапарын «Қытайша сөйлейтін президент өзінің альма-матеріне қайтып келді» деген тақырыппен жариялады.

«Жэньминь жибао» газетінің хабарлауынша, Қ. Тоқаев Бейжің тіл және мәдениет университетінде білім алып, Бейжіңде сегіз жыл жұмыс істеген. Қазақстанның Мемлекет басшысы қытай тілінде еркін сөйлей алады.

ҚР Президенті Бейжің университетін аралау барысында аталған ЖОО-да оқитын қазақстандық студенттермен кездескені де жазылды.