Қытайдың CCTV арнасының тілшісі өзінің бейнерепортажында биыл «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 10 жыл толғанын атап өтті.
"Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» үшінші саммиті қарсаңында ондаған елдің басшыларымен екіжақты келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл келіссөздердің біріншісі Қазақстан Президенті Тоқаевпен болады. Өйткені, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш болған жер ретінде Қазақстанның Қытай үшін маңызы зор», - деді тілші.
БАҚ Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстан елордасы Астанада сөйлеген сөзінде «Жаңа Жібек жолының экономикалық белдеуін бірлесіп құру» бастамасын ұсынғанын еске салды.
Қытай журналисі Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасы басталған жер ғана емес, сонымен қатар бұл маңызды халықаралық бастаманың жүзеге асырудың үлгілі қатысушысы екенін атап өтті. Бұдан бөлек, «Бір белдеу, бір жол» жобасын дамыту үшін Қытаймен көптеген бірлескен күш-жігер жұмсап жатқаны мәлім етілді.
«Қытай мен Қазақстан жоғары сапалы бірлескен жұмыс арқылы халықаралық қауымдастыққа ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті», - деді тілші.
CCTV арнасының хабарлауынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұсынылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып, Қытай мен Қазақстан Ляньюньган логистикалық ынтымақтастық орталығын құрды. Бұл «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында сәтті жүзеге асырылған алғашқы халықаралық жоба. Жоба дүние жүзіндегі теңізге шыға алмайтын ең ірі мемлекет Қазақстанды байтақ теңізбен байланыстырып, Орталық Азия мен әлем арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын жақындата түседі.
CCTV тілшілері видеорепортажда Қазақстан мен Қытайдың онжылдық бірлескен ынтымақтастығы арқылы Еуропа мен Азия арқылы тасымалдау бағытын құрып, халықаралық логистика және көлік саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергенін айтты.
Дәл осы себепті «Бір белдеу, бір жол» үшінші Саммиті қарсаңында ҚХР Төрағасы бірінші болып Қазақстан Президентімен кездесуді жөн көрді.
Еске салайық, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.
Бүгін Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Осы келіссөз нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.
ҚР Президенті Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге қойылған бюстті салтанатты түрде ашты.
Кейін Қ.Тоқаев Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесіп, SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдады.
Одан әрі Мемлекет басшысы YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны, CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.
Ал CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен әңгіме барысында ҚТЖ Қытайдың СRRC компаниясымен құны 1,3 млрд доллар болатын келісімге қол қоятыны белгілі болды.