Қытайлық қандасымыз қысқы Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды
ХАРБИН.KAZINFORM – Қытайда туып-өскен ұлты қазақ спортшы Самғар Серікұлы IX қысқы Азия ойындарының жүлдегері атанды.
Қандасымыз ерлер арасында шаңғымен сырғанаудан спринт бағдарламасында өнер көрсетіп, 2 минут 58.51 секунд нәтижемен қола медаль еншіледі.
Айта кетерлігі, дәл осы сында қазақстандық Константин Борцов күміс еншілеген болатын. Спортшылар мәре сызығын үшінші және төртінші болып кескенімен, екінші орын алған жапондық спортшы ереже бұзуына байланысты нәтижесі жойылды.
Сол себепті, Константин Борцов күміс алса, қандасымыз Самғар Серікұлы қола жүлдегер атанды.
Самғар Серікұлы 2005 жылы 10 қаңтар Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі Алтай аймағы Алтай қаласында дүниеге келген. Ол 2023 жылы ел чемпионатында көзге түсіп, 2024 жылы Шыңжаң құрамасы сапында Қытай қысқы спорт спартакиадасының чемпионы атанған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай құрамасының сапында ұлты қазақ 4 спортшы IX қысқы Азия ойындарына қатысып жатыр. Олар: Ақнар Адаққызы (конькимен жүгіру), Қанағат Мұхамедұлы (конькимен жүгіру), Баян Жалынқызы (Шаңғы) және Самғар Серікұлы (Шаңғы).