Қытайлық компаниялардың 70 пайызы Алматыда жұмыс істейді — қала әкімінің орынбасары

Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанда тіркелген қытайлық компаниялапрдың басым бөлігі Алматыда жұмыс істейді. Бұл туралы мегаполисте өтіп жатқан Qazaq Invest Forum-2025 форумында қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов айтты. 

Алматыға Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 21 пайыздан астамы және мемлекеттік бюджеттің 26 пайызы тиесілі. 2019 жылдан бері қала экономикасы 75 пайызға өсіп, 62 млрд долларға жетті. Былтыр Алматыға 8 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды.

— Осындай жағдайда біздің қала қытайлық серіктестер үшін инвестицияның негізгі арнасына айналуға дайын. Екі елдің басшылығы арасындағы үлгілі қарым-қатынас пен қала әкімдігінің жан-жақты қолдауы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік негізі. Қазір Қазақстанда тіркелген қытайлық компаниялардың 70%-ға жуығы Алматыда табысты жұмыс істейді. Қала саудасының үштен бір бөлігі Қытаймен байланысты және бұл көрсеткіш 8 млрд долларынан асты. Біз барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеует бар екенін көріп отырмыз, — деді ол.

Алматы еліміздің туристік астанасы ретінде де дамып келеді — 2025 жылы қалаға 750 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп жоспарланып отыр.

Тау кластерін дамыту аясында 50-ден астам жаңа қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде бес жұлдызды қонақүйлер де бар.

Қала әкімінің орынбасары қытайлық инвесторларды жобаға қосылуға шақырды.

Олжас Смағұлов логистика, цифрландыру және финтех салаларындағы мүмкіндіктерді атап өтті.

Осыған дейін 2 жылдың ішінде Қазақстан мен Қытай арасында 90-нан астам келісім, меморандум және коммерциялық құжат рәсімделгені туралы жазғанбыз