Қытайлық Labubu бренді: танымалдылықтан дағдарысқа дейінгі жол
АСТАНА. KAZINFORM - Кейінгі күндері Қытайдың танымал ойыншық бренді Labubu-ға байланысты жаңалықтар әлеуметтік желілерде ғана емес, қаржы нарығында да қызу талқыға түсті. Қоғамда үлкен қызығушылық тудырған бұл брендтің айналасындағы жағдай күрт өзгеріп, оған қатысты акциялар бағасы күрт құлдырады.
Бұл құбылысты кейбір деректер де бизнес мәселесі ғана емес, Қытай жастары арасындағы тұтынушылық, мәдени және әлеуметтік өзгерістердің белгісі ретінде қарастыруда.
Labubu дегеніміз не?
Labubu — Гонконгтік POP MART (泡泡玛特) компаниясына қарасты, суретші Kasing Lung ойлап тапқан ерекше кейіпкер. Оның ұсқынсыз әрі сүйкімді бейнесі, үлпілдеген шашы мен айқайлап тұрғандай әсер қалдыратын бет әлпеті жастардың бірден назарын аударды. Әдеттегі ойыншықтардан өзгеше, Labubu 2019 жылдан бастап Қытай мен Азия нарығына «соқыр қорап» (blind box) үлгісімен шықты.
Бренд әсіресе пандемиядан кейін «өзіңді қуанту» (悦己消费) секілді тұтыну тенденциясымен үндесіп, жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болды. POP MART 2020 жылы Гонконг биржасына табысты түрде шықты.
Акциялардың құлдырауы және нақты сандар
2025 жылдың маусым айында компания жариялаған қаржы есебі инвесторлар үмітін ақтамады. Соның нәтижесінде POP MART акциялары қысқа уақыт ішінде 20%-дан астам арзандап, нарықтық құны шамамен 11 миллиард гонконг долларына (шамамен 1.4 млрд АҚШ доллары) кеміді. Бұл дерек Bloomberg агенттігінің маусым айының ортасында жариялаған есебінде көрсетілген.
Желіде «Labubu дәуірі аяқталды ма?», «бұл тек сән бе, әлде жаңа мәдениет пе?» деген пікірлер көбейді.
Қытайлық БАҚ-та брендтің тым көп шығарылымы мен жасанды тапшылық арқылы қызығушылықты ұстап тұру стратегиясы енді бұрынғыдай тиімді емес екенін айтуда.
Әлеуметтік және мәдени себептер
Labubu феномені Қытай қоғамындағы жастардың эмоционалды қажеттілігі мен ерекше болуға деген ұмтылысынан туған еді. Бұл бренд тек ойыншық қана емес, өзіндік мәдени кодқа айналды. Алайда, қазіргі таңда Z ұрпағы тұтынушылықта жаңа басымдықтарға көшуде — олар енді өнімнің сапасына, тұрақтылығына және шынайылығына көбірек мән беруде.
Бұрын «бірден ұнады — бірден алдым» қағидасымен сипатталған сауда мәдениеті біртіндеп «ойлан — талда — таңда» қағидасына ауысып барады. Осы өзгерістің аясында Labubu секілді символдық брендтердің нарықтағы орнын сақтау қиындай түсті.
Labubu-дың нарықтағы жағдайы Қытайдағы тұтынушылық трендтердің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады. Бұл — бір ғана брендтің құлдырауы емес, жалпы эмоционалдық тұтыну мәдениетінің бетбұрысы. Болашақта қай брендтер осы өзгерістерге икемделіп, шынайы құндылыққа негізделе алса — солар ғана нарықта ұзақ сақталады.